$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мезотерапия, плазмолифтинг, пластикалық операция: депутат псевдокосметологтардың қызметін бақылауды ұсынды

Гүлдәрі Нұрымованың айтуынша, олардың көбінде медициналық білім жоқ

Мезотерапия, плазмолифтинг, пластикалық операция: депутат псевдокосметологтардың қызметін бақылауды ұсынды
Фото ашық дереккөзден

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Гүлдәрі Нұрымова бір топ әріптесінің атынан Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ол Президенттің сайлауалды бағдарламасында азаматтардың сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге, денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға көп көңіл бөлінгенін айтты.

Оның айтуынша, статистика сапасыз медициналық дерматокосметологиялық қызметтер көрсету бойынша өтініштердің өсуін көрсетіп отыр. Нұрымованың мәліметінше, 2022 жылдың өзінде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне түскен шағымдар саны үш есе өсті.

«Дерматокосметология – бұл медициналық қызметтің лицензияланған түрі, бұл тек сертификатталған дәрігер-дерматокосметологтар көрсетуге құқылы медициналық қызмет. Әрине, тек барлық санитарлық норма мен ереже сақталған медициналық клиникаларда немесе медициналық кабинеттерде білікті дәрігер-дерматокосметологтар қызмет көрсетеді. Бірақ іс жүзінде медициналық косметологиялық қызметтердің басым көпшілігін лицензиясы жоқ, медициналық емес қызметкерлермен әдеттегі сұлулық салондарында, күмәнді кабинеттерде, тіпті үйде жүргізіліп жатыр», - деді депутат.

Оның айтуынша, бұл жағдайда мезотерапия, плазмолифтинг, мезожіп сияқты арнайы процедуралар жасалып, тіпті пластикалық операциялар жасалады.

«Медициналық білімі жоқ адам мұны қалай жасай алады?! Олар қан тамырлары, жүйке жүйесі, бұлшықеттер, байламдар, лимфа қай жерден өтетінін, қандай асқынулар болуы мүмкін екенін және таға басқасын білмей, бет пен мойын тіндеріне қалай манипуляция өткізуге болады? Мұндай псевдокосметологтардың қызметінің нәтижесі аллергиялық реакциялар, нервтердің парездері мен параличтері, қан тамырларының тромбоздары, тіндердің некрозы, флегмондар, абсцесс, птоз, бұлшықет спазмы, күйіктер, электр жарақаттары, эритемалар, пигментация, тіндердің тыртық өзгерістері, операциядан кейінгі әртүрлі асқынулар мен тіпті өлімге дейін алып келуі мүмкін», - деді Мәжіліс депутаты Нұрымова.

Оның айтуынша, мұндай жағдайларда медициналық және медициналық емес мекемелерде дәрігерлік дерматокосметология қызметтерін бірыңғай бақылауды қамтамасыз ету қажеттілігін қарастыру орынды.

Нұрымова «AMANAT» партиясы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес тиісті ұсыныстарды әзірлеуге қатысуға дайын екенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары