Петропавлда парацетамол тапшы
Фармацевттердің айтуынша, қазіргі қор бірер аптаға ғана жетеді
Петропавлда парацетамол тапшы. Аталған препаратты қаладағы 200-ге тарта дәріхананың біреуінен ғана табуға болады. Фармацевттердің айтуынша, қазіргі қор бірер аптаға ғана жетеді. Ал өңірде тұмау өршіп тұр. Аталған жұқпаға шалдыққандар саны өткен жылмен салыстырғада 7 есеге көбейген. Дәрінің келесі партиясы қашан келетіні беймәлім, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
ТҰМАУ ӨРШІП ТҰР
Солтүстік Қазақстанда қазан айынан тұмау жағдайлары тіркеле бастады. Былтыр толық эпидемиологиялық маусымда В типті жұқпаға шалдыққандар саны 35 адам болған. Ал биыл 3 айдың ішінде 245 адам тіркеліп отыр. Мамандар мұны пандемия кезінде халықтың сақтық шараларын барынша сақтауымен түсіндіріп отыр. Карантиндік шектеу алынғаннан кейін жұқпалы аурулардың таралуы да күрт артты. Адам жедел респираторлы вирустық инфекция мен тұмауға шалдыққанда дене қызуы көтерілетіні белгілі. Дәрігерлер мұндайда бірінші кезекте парацетамол ішуге кеңес береді.
«Осымен екінші рет ауырып жатырмын. Дәрігер парацетамол жазған жоқ. Себебі, қалада оның жоқ екенін біледі. Өзім дене қызуым көтерілгенде үнемі парацетамолды пайдаланамын. Біраз дәріхана аралап, нәтиже шықпаған соң, анықтама қызметіне хабарластым. Парацетамол бір жерде ғана сатылады екен. Немисил мүлде табылмады. Қымбат баламалары ғана бар. Қызуым қайта-қайта көтеріледі. Осы парацетамолмен жан сақтап жатырмын», - дейді қала тұрғыны Самат Жақыпов.
Парацетамол Қазақстанға негізінен Ресейден әкелінеді. Оның еупропалық баламалары 15-20 есе қымбат.
«Облыста ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай сырқаттанушылықтың маусымдық өсуімен сипатталады. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,6 есе көп. Науқастардың ең көбі – мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері. Олар жалпы көрсеткіштің 65 пайызын құрап отыр. 83-і 14 жасқа дейінге бала. Тұмаумен ауырған 49 жүкті әйел бар. 2022 жылдың 14 қазанынан бастап облыста тұмау жағдайлары тіркеле бастады. Облыста барлығы В типті тұмаудың 245 және А типті тұмаудың 17 зертханалық расталған жағдайлары тіркелді. Ауырып қалғандардың барлығы тұмауға қарсы екпе алмаған адамдар. Қазір тұмауға қарсы вакцинация жүргізілмейді. Себебі, ауруға қарсы иммунитет қалыптасу үшін 1-2 ай қажет», - дейді Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
«ҚОР БІРЕР АПТАҒА ҒАНА ЖЕТЕДІ...»
Фармацевттердің айтуынша, қазір парацетамол ең жоғары сұранысқа ие дәрілердің бірі. Тапшылықтың туындауына сұраныстың артуы да себеп болып отыр. Дегенмен баға қымбаттаған жоқ. Препарат 85 теңгеден саудалануда.
«Дәріханамызға парацетамол іздеп келетіндер көп. Өйткені, ол бізде ғана бар. Күніне орта есеппен 300-400 данасын сатамыз. Біз дәрі-дәрмек тапшылығы болатынын болжап, күзде көп алып қойғанбыз. Сауда осы қарқынмен жүрсе, ол 2-3 аптаға жетуі тиіс деп үміттенеміз. Ең арзаны – ресейлік парацетамол. Қазір аталған дәрі ғана емес, пребиотиктер де тапшы», - дейді фармацевт Евгения Сенченко.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаменті жүзеге асырады. Мамандар қолайсыз ауа райына байланысты дәрі-дәрмектің кезекті партиясы өңірге дер кезінде жетпей қалғанын айтты. Алайда Петропавлда парацетамол тапшылығы желтоқсан айының ортасында басталған болатын.
«Департамент көтерме және бөлшек сауда желісінде дәрілік заттардың (антипиретикалық, қабынуға қарсы, вирусқа қарсы) болуын апта сайын тексеріп, мониторинг жүргізеді. Осы мониторингке сәйкес ацетаминофен препаратының тапшылығы байқалады. Алайда, құрамында ацетаминофен және парацетамолдың дозасы бар аралас дәрілік заттар бар. Сондай-ақ, арзан аналогтар бар. СҚО аумағындағы қоймалар - Алматы, Қарағанды қалаларының ірі дистрибьютерлерінің филиалдары. Қазіргі уақытта ауа-райына байланысты кешіктірілетін парацетамол препаратын жеткізу күтіліп отыр», - дейді департамент жетекшісінің орынбасары Айгүл Қайыржанқызы.
ШОШҚА ТҰМАУЫН ЖҰҚТЫРҒАН 13 НАУҚАС ТІРКЕЛДІ
Биыл Солтүстік Қазақстанда Шошқа тұмауын жұқтырған 13, гонконг тұмауымен ауырған 4 науқас тіркелді.
«Ауырып қалмау үшін медициналық масканы дұрыс тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, жеке гигиена ережелерін сақтау қажет. Қолды сабынмен мүмкіндігінше жиі жуу керек, өйткені тұмау вирусы ауа тамшылары арқылы ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық заттар арқылы да таралады. Лас қолмен мұрынның, көздің, ауыздың шырышты қабаттарымен байланыста болған кезде де жұғады. Сонымен қатар, иммунитетті барлық қолжетімді тәсілдермен көтеру керек. Дене шынықтыру, жұмыс және демалыс режимін сақтау, толыққанды ұйқы, микроэлементтер мен дәрумендердің, әсіресе «С» витаминінің, сарымсақ пен пияздың жеткілікті мөлшері бар тамақты жеуге кеңес береміз. Ауырып қалған жағдайда үйде болу керек, дәрігерді шақырып, инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау үшін балабақшаға, мектепке бармау керек», - дейді Солтүстік Қазақстан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағындықова.