Алматыда өзін Антикордың қызметкері етіп көрсетіп келген тұрғын ұсталды
Аталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды
Алматыда өзін Антикордың қызметкері етіп көрсетіп келген тұрғын ұсталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ағымдағы жылдың 6 қаңтарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Өзіндік қауіпсіздік департаменті Алматы қаласы ПД ӘПБ арнайы батальонының қызметкерлерімен бірлесіп, жолда жүру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмау мақсатында өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қазіргі қызметкері ретінде таныстырған 1987 жылы туған азамат Ұлан Райды әшкереледі.
Құжаттарды тексеру барысында құқық бұзушы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті қызметкерінің жалған қызметтік куәлігін көрсеткен.
Аталған азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Тергеу жалғасуда. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.