$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Петропавлда қаңтар оқиғасында қаза тапқан сарбаздарды еске алу рәсімі өтті

Алаңға жиналған көпшілік қос батырды бір минуттық үнсіздікпен еске алды

Петропавлда қаңтар оқиғасында қаза тапқан сарбаздарды еске алу рәсімі өтті

Петропавлда «Мәңгілік сапта» акциясы ұйымдастырылды. Көпшілік қаңтар оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан мерзімді қызмет сарбаздары Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановты еске алып, марқұмдардың рухына тағзым етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі ҚР Ұлттық ұлан академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске алу іс-шарасын Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясының ұжымы ұйымдастырды. Алаңға жиналған көпшілік қос батырды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

«Елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында былтырғы қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Ұлттық ұланның екі әскери қызметкері қаза тапты. Жас сарбаздар өз өмірін өлімге тігіп, халықтың тыныштығы мен әл-ауқаты үшін қойылған міндеттерді батылдықпен орындады. Күш сынақтарының осы қиын күндерінде жауынгер-ұландықтар батылдық, табандылық пен жанқиярлықтың үлгісін көрсете отырып, Қазақстан халқына және әскери антқа адалдықтарын дәлелдеді. Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтың есімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының батырлық шежіресіне мәңгі енеді. Олар нағыз құрметке лайық», - деді Ұлттық ұлан академиясының бастығы полковник Артур Тоқышев.

Жиынға Ұлттық ұлан Әскери Кеңесінің хатшысы полковник Савердин Имиров және құқық қорғау әскерлерінің ардагері Ошақбай Сейітбеков қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров Қызылорда қаласында 5574 әскери бөлімде, ал Айбат Аманов Талдықорған қаласында Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінде қызмет еткен. Ерліктері үшін аталған әскери қызметшілер қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған болатын.

Серіктес жаңалықтары