Елімізде қанша адам интернет алаяқтықтың құрбаны болды?
Алаяқтықты кәсіп еткендер көбіне шет елдерде тұрады
Мамандардың айтуынша бүгінгі күні интернет алаяқтық – ең жиі жасалатын қылмыс түрлерінің бірі. Әккі алаяқтар көбіне зейнеткерлерді тақырға отырғызып кететін. Ал кейінгі жылдары жоғары білімді жастар, тіпті алаяқтардың әрекеті туралы бүге-шігесіне дейін білетін заң саласы мамандарының өздері де алданып қалған жағдайлар тіркелген. Статистикалық мәліметтер алданып, ақшасынан айрылып қалғандардың басым бөлігі электронды сауда жасағанын көрсетіп отыр. Онлайн тәсіл арқылы несие рәсімдеу де азаймай тұр. Сол сияқты мұндай деректерді әшкерелеу қиын екенін полицейлердің өзі де мойындап отыр. Қазақстанда интернет алаяқтарға алданып қалған 36 мыңнан астам адам тіркеліпті. Алаяқтар қалай әрекет етеді? Неліктен банктер тұтынушы мүддесін қорғамайды? Мәселенің мән-жайын Azattyq Ruhy тілшісі анықтап шықты.
7 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ЭЛЕКТРОНДЫ САУДА АРҚЫЛЫ АЛДАНҒАН
Алаяқтық әрекеттердің ішіндегі кең таралғаны – тегін хабарландыру сайттары арқылы адамдарды алдап-арбап, ақша жымқыру. Айлакерлер «ОLХ» пен «Kolesa.kz» сынды тегін хабарландыру сайттарынан бөлек, бүгінгі күні ең танымал әлеуметтік желілердің бірі – Instagram парақшалары мен түрлі мен мессенджерді пайдаланады. Биыл елімізде 7 мыңға жуық адам электрондық сауда жасаймын деп алданып қалған.
«Қазір алаяқтардың әрекетіне алданып қалмау жолы жөнінде түрлі ақпарат көп. Алайда мұндай қылмыс жасау тәсілі тез жаңаланады. Алаяқтар үнемі өз әдістерін өзгертіп отырады. Кез келген адамның атына онлайн несие рәсімделгенде тығырықтан шығар екі жол іздеуге болады. Бірақ екеуі де оңай емес. Бірі – қылмыстық, екіншісі – азаматтық кодекс аясында. Жапа шегуші ішкі істер органдарына алаяқтық дерегі бойынша шағымдана алады. Полиция өз әрекетін жүзеге асырады. Қылмыскер табылып, дерек дәлелденбейінше, онлайн несие кімнің атында болса, сол өтеуге міндетті. Себебі оны алаяқтар алғанын банк алдында дәлелдеу мүмкін емес. Ал екінші жол – сот арқылы шығынды өндіріп алу жөніндегі арыз. Адам несие алмағанын сот арқылы дәлелдей алады. Ол үшін алаяқпен сөйлескен немесе хабарлама алысқан жазба болуы шарт», - дейді заңгер Виталий Рындин.
ЖАПА ШЕГУШІЛЕР АЛМАҒАН НЕСИЕНІ ӨТЕЙДІ
Қазақстанда жыл басынан бері интернет алаяқтарға алданып қалған 36 мыңнан астам адам тіркеліпті. 3 мыңға жуық онлайн несие рәсімделген. Яғни дәл осынша адам қолына ұстап та көрмеген ақшаны банкке төлеп жүр. Жапа шегушілер несие алмағанына қарамастан, оны қайтаруға міндеттеледі. Сондықтан да бұл мәселеге екінші деңгейлі қаржы институттары басын ауыртпайды.
«Онлайн кредит – тұтынушылар үшін өте ыңғайлы банктік өнім. Ешқайда бармай-ақ қарыз алуға болады. Банктер үшін де оның тимділігі жоғары. Қызметкерлер несие беруге уақытын жоғалтпайды. Жұмыс автоматты түрде жүріп жатады. Алайда оның екінші жағы бар – онлайн қарыздың шикіліктері көп. Жапа шегуші білместікпен хабарлама арқылы келген барлық кодтарды телефон тұтқасының ар жағындағы бейтаныс адамға хабарлайды. Қаржы жағынан сауаты аз адамдар алданып қала береді. Себебі алаяқтардың барлығы мықты писхолог. Олар адамды телефонмен сөйлесу арқылы өз дегеніне көндіріп, айтқанын істетеді. Адам алаяқтардың көп екенін біліп тұрып, өз мәліметтерін автоматты түрде беріп қояды. Алданғанын білген кезде кеш болады. Осылайша мойнына қыруар қарыз іліп алады. Бір қарағанда құпия ақпаратпен бөліскен адам өзі кінәлі. Ал екінші жағынан банк өз мүддесін ғана ойламай, тұтынушылардың қауіпсіздігіне басымдық беруі шарт», - дейді заңгер.
АЛАЯҚТАР АРЗАН ТАУАРМЕН ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ
Мамандардың айтуынша қылмыскерлер интернетті пайдаланушыларды алдап, олардың ақшасын қолына түсіру үшін жалған сайттар жасайды. Әртүрлі әдіс-тәсілдермен – әлеуметтік желілер, электрондық поштаға жіберілген спам, мәтіндік жарнама арқылы осы сайттарға адамдардың қызығушылығын оятады. Көбінесе олар нарық бағасынан әлдеқайда арзан тауарлар мен қызмет түрлерін ұсынады. Оның уақыты немесе саны шектеулі екенін мәлімдеп, шешім қабылдауға асықтырады. Бірақ төлем жасағаннан кейін сатып алушы уәде етілген затты сол күйі алмайды. Ал алаяқтардың қолында тек ақша ғана емес, сонымен қатар банктік картаның деректері де қалады.
«Интернет-алаяқтықтың алдын алу — полицейлер жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Желілік аферистер өздерінің құрбандарының жеке мәліметтерін жақсы біледі. Адамдар жалған «мамандарға» сенім артқандықтан, алаяқтарға барлық деректерді беріп қояды: нөмірлер, CVV-кодтар және банктік карталарының пин-кодтары, SMS-хабарламалармен келетін бір реттік кіру кодтары. Полиция қызметкерлері ешкімге жеке және құпия деректерді бермеу керектігін өтініп, сұрайды. Банк қызметкерлері мұндай қоңырау шалуға, құпия деректерді сұрауға, клиенттің белгілі бір қаржылық операциялар жасауын талап етуге құқығы жоқ екендігін естеріңізге саламыз», — дейді СҚО Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Марат Жұмалиев.
ОНЛАЙН ҚЫЛМЫСТЫ АШУ НЕЛІКТЕН ҚИЫН?
2022 жылдың 11 айында Солтүстік Қазақстан облысында 713 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Оның 150-ге жуығы ғана ашылды. Басым бөлігі «банктен қоңырау шалу» әдісімен жасалған.
Петропавл қаласының тұрғынына белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін ҚР Банктер қауымдастығы қауіпсіздік қызметінің маманы ретінде таныстырған. Жәбірленушінің жеке деректері оның қолында болған. Ол әйелді атымен атап, Астана қаласындағы таныстары, оның атынан 5 банктен несие рәсімдеуге тырысып жатқанын айтып, сендірген. Шығынды болдырмай, осы несиені жабу үшін басқасын ресімдеу қажет екенін айтқан. Оның айтқандарын орындап, қала тұрғыны банктердің бірінен 600 000 теңге несие алған. Сондай-ақ, алаяқ оған антивирус жүктеуді ұсынған. Алайда, қосымшаны жүктеу кезінде әйел шын мәнінде қашықтан қатынау бағдарламасы, бұл бөтен біреуге мобильді құрылғыны басқаруға мүмкіндік беретін қосымша екендігін түсінген. Ол алаяқтың құрбанына айналғалы отырғанын ұғып, бірден байланысты тоқтатып, полицейлерге жүгінген.
Мамандардың айтуынша алаяқтарды табу оңай емес. Өйткені мұндай істі кәсіп еткендер көбіне шет елдерде тұрады. Оларға жүздеген, тіпті мыңдаған шақырым болатын қашықтық еш кедергі емес.