Елімізде балалар жылында қандай іс-шаралар атқарылды
Мәдениет саласында 1 млн-нан астам баланы қамтитын бірқатар ауқымды жоба жүзеге асқан
Балалар жылы аясында әзірленген іс-шаралар Жоспарында 69 ауқымды іс-шара көзделсе, оның ішінде Мәдениет және спорт министрлігі 9 шара бойынша негізгі орындаушы болып белгіленген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов балалар жылы аясында мәдениет саласында 1 млн астам баланы қамтыған шаралар туралы айтып берді.
Вице-министрдің сөзіне сенсек, “барлық жұмыс балалардың сапалы және қолжетімді білім алуын, шығармашылық тұрғыдан толыққанды дамуын қамтамасыз етуге, олардың спорттық және шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталды”.
“Жалпы, мәдениет саласында 1 млн-нан астам баланы қамтитын бірқатар ауқымды жоба жүзеге асты.
Атап айтқанда:
- Республикалық «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру онлайн жобасы сайттар мен әлеуметтік желілерде жүргізілуде. Қазіргі таңда қаралым саны 2 млн. жетіп отыр.
- «Оқушының мәдени нормативі» жобасы еліміздегі жалпы мектептердің 20%-ын немесе 1 510 мектепті қамтыды (барлығы – 7 550 бірлік). Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 30%-ға жеткізу (2 265 мектеп) жұмыстары жалғасуда.
- Балалар әдебиетіне арналған «Дана бала» (www.danabala.kz) веб-сайты жұмыс жасап тұр. Қазіргі таңда ол сайтқа 5 000-нан астам кітап орналастырылды”,- деді баяндамасында Дәуешов.
Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған «Таланттар арамызда» республикалық фестиваль-көрмесін өтіп, оған 250 астам бала қатысқаны белгілі болып отыр.