$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда дәрігерлердің қылмыстық жазасы жеңілдеуі мүмкін

Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заң жобасын әзірледі

Қазақстанда дәрігерлердің қылмыстық жазасы жеңілдеуі мүмкін
Фотоколлаж

Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге, құқықтық және қаржылық қорғау жүйесін әзірлеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүгін Мәжіліс залының мінберінде Заң жобасын баяндады. Онда дәрігерлердің адам денсаулығына абайсызда зиян келтіргені үшін жазасын жеңілдету мәселесі қарастырылған.    

«Заң жобасында айыппұл мөлшерін және денсаулығына орташа және ауыр абайсызда зиян келтіргені үшін қамауға алу мерзімін төмендету, пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтіргенде немесе қайтыс болғанда «бас бостандығынан айыруды» жазаның мерзімдерін қайта қарай отырып «бас бостандығын шектеуге» ауыстыру ұсынылады», - деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.    

Сонымен қатар, белгілі болғандай Заң жобасын әзірлеу барысында Қылмыстық кодекстің 317 бабы бойынша құрамдарды «жекеше айыптауға» ауыстыру мәселесі қарастырылған екен. Алайда Бас прокуратура мұндай ұсынысты қабылдамаған.     

«Біршама жеңілдету мәселелерін біз қолдадық. Ал 317 бабтың құрамдарын жеке айыптау мәселесіне ауыстыруға келер болсақ, біз оны қолдаған жоқпыз. Өйткені, жекеше айыптау практикасын енгізетін болсақ, онда жәбірленушілер құқықтық қорғау құралдарынан айырылады. Ондай жағдайда құқық қорғау органдары емес, азаматтардың өздері дәрігердің кінәсін мойындауы қажет, оның кінәлілігі бар екенін көрсететін анықтаманы өздері жинауы керек, тіпті сот-медициналық сараптамасынан да өту мәселесі жәбірленуішінің мойнына жүктеледі. Осыларды ескере келе біз жекеше айыптау шарасын қолдаған жоқпыз.    

Дегенмен, 317 бабтың 1,2-бөлімдерінде науқастың денсаулығына орташа және ауыр зиян келтіру  ісі бойынша жазаны жекеше айыптау категориясына ауыстыру мүмкіндігін көріп отырмыз. Себебі, азамат өзінің қарсылығы болса, арыз-шағымын жазады. Егер де арыз-шағымы болмаса немесе бітімге келіп жатса, жекеше айыптау істері қысқартуға жатады. Сондай-ақ, бұл жерде сараптама өткізу, дәрігердің кінәлі немесе кінәсіз екенін дәлелдеу де біздің міндетіміз болып табылады.      

Ал 317 бабтың 3,4-бөлімдеріне келетін болсақ, медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің жіберген қателіктері адам өліміне әкеп соқса, біз оны осы жария категориясында қалдыруды дұрыс деп есептейміз. Себебі бұл жерде құқық қорғау органдары тиісті бағасын беруі қажет», - деді Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев.   

Аталған Заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды.   

Анықтама:

317-бап. Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы 

      1. Медицина немесе фармацевтика қызметкерiнiң кәсiптік мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан оларды орындамауы, тиiсiнше орындамауы, егер бұл іс-әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге алып келсе, екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан іс-әрекеттер белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бір жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      3. Осы баптың бiрiншi бөлiгінде көзделген, абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттер белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      4. Осы баптың бірiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттер белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бұдан бұрын Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қоғамдастықтың пікірін ескере отырып, жазаны ізгілендіруге бірнеше рет әрекет жасаған болатын. 

«Сондай-ақ, заң жобасы медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге және оларды әлеуметтік қолдауға, оларға құрметті атақтар беруіне бағытталған. Заң жобасының шеңберінде жылына бір рет 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлемді ұсынумен 3 атақ «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» (Заслуженный врач Республики Казахстан), сондай-ақ 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлемді ұсынумен 17 жеңімпазға республикалық конкурстың «Мамандығы бойынша үздік» мемлекеттік және ведомстволық наградалары ұсынылады»,- деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Ведлмство басшысының сөзінше, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың ұсынылған моделі және кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жазаларды ізгілендіру бірінші кезекте азаматтардың құқықтарын қорғауға тиісті, сондай-ақ, медициналық қызметтерді алу кезінде денсаулық пен өмірге келтірілген зиянды өтеуге, медицина қызметкерлерін құқықтық және қаржылық қорғауға, науқасқа көмек көрсету кезінде қоғамдық пайдалы қауіппен байланысты саладан жоғары білікті мамандардың кетуін азайту үшін және жас ұрпақты денсаулық сақтау саласына тартуға бағытталған. 

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 270-бабында медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өміріне және денсаулығына зиян келтірілген жағдайда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру құқығы заңнамалық түрде бекітілген.

Ұсынылған заң жобасында медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізу механизмдері қарасырылған.

«Халықаралық практикада медицина қызметкерлерін қорғау үшін қорлар мен қауымдастықтар (Швеция, Канада, Дания) құру арқылы, сондай-ақ жеке нарықтар (АҚШ, Германия, Жапония, Түркия) арқылы кәсіптік жауапкершілікті міндетті сақтандыру жүйесі қолданылады. Өзінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру міндеті медицина қызметкерлеріне немесе денсаулық сақтау ұйымдарына жүктелген. Осы айтылған халықаралық тәжірибенің негізінде Қазақстандық қоғамның дамуын ескеріп, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың оңтайлы тетігі ретінде АҚШ, Германия, Жапония және Түркия модельдері бойынша сақтандырудың бейімделген нарықтық моделі ұсынылып отыр», - деді Ажар Ғиният.

Жаңа заң жобасы мақұлданып, күшіне енген жағдайда пациент қызметтің немесе комиссияның шешімімен келіспеген тұста шағым Денсаулық сақтау министірлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінде қаралатын болады. Дәлелденген жағдайда шағым бойынша материалдар, оның ішінде сот-медициналық сараптаманың қорытындысы медициналық ұйым сақтандырылған сақтандыру компаниясына беріледі.

«Пациентке келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуді сақтандыру компаниясы жүргізеді. Төлемнен бас тартқан және қанағаттанбаған жағдайда пациент сотқа жүгінуге құқылы. Сақтандыру жарнасының мөлшері қауіп дәрежесіне қарай бекітілген актуарлық есептеулердің негізінде медицина қызметкерінің жауапкершілік дәрежесі ескеріле отырып айқындалатын болады», - деді министр.

Осылайша, министрлік жұмыс істеп тұрған сақтандыру компаниялары арқылы ұжымдық шарт жасай отырып, жұмыс беруші, яғни медициналық ұйымының қаржылық жауапкершілігінің шекті көлемінде медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруды ұсынады.

Серіктес жаңалықтары