«Екі мыңнан астам қару әлі қолдарында»: Бас прокуратура қаңтар оқиғасы жайлы
Азаматтар өз еріктерімен 119 қару тапсырған

Қаруды ұрлау және сақтау фактісі бойынша 519 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Осы қылмыстар үшін 183 тұлға күдікті деп танылды, 11 адам қамауда, 154 адам сотталды, оның ішінде 27-сі бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бас прокуратураның дерегінше, 10 аңшылық дүкені тоналып, сол жерден 1 672 мылтық ұрланған. Бұдан бөлек тағы 1 288 қызметтік қару ұрланған.
«Осы көлемнің үштен бірі немесе 958 бірлігі табылды, ал екі мыңнан астамы (2002), оның ішінде гранаталар, автоматтар, мылтықтар, тапаншалар мен граната атқыштары әлі күнге дейін қолдарында. Қаруды ерікті түрде тапсыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Азаматтар барлығы 119 бірлік тапсырды. Бұл қару қылмыстық элементтердің қолында болуы мүмкін», - деді ҚР Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.