$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Биыл Қазақстанда өлім-жітім көрсеткіші 26%-ға азайды – зерттеу

Қазақстандықтардың көбі қан айналымы жүйесінің ауруларынан көз жұмады

Биыл Қазақстанда өлім-жітім көрсеткіші 26%-ға азайды – зерттеу
Фото: АР

Елімізде осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша қайтыс болғандар саны 101,7 мың адамды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,1%-ға аз, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Ranking.kz порталына сілтеме жасап.

Салыстырмалы түрде қарасақ, өткен жылдың ұқсас кезеңінде қайтыс болғандар саны 137,6 мың адамға жетті, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 10,4%-ға көп.

«Өңірлік бөліністе өлім-жітімнің ең көбі Алматы қаласында (9,3 мың адам – өткен жылмен салыстырғанда 35,1%-ға аз), сондай-ақ Қарағанды (8,8 мың адам) және Түркістан (7,4 мың адам) облыстарында тіркелді. Адам өлімі ең аз тіркелген өңір – жаңадан құрылған Ұлытау облысы болды (1,5 мың адам).

Биыл еліміздің барлық өңірінде өлім-жітімнің айтарлықтай төмендеуі байқалады. Қайтыс болғандар санының қысқаруы Солтүстік Қазақстан облысында 18,7%-дан Шығыс Қазақстан облысында 52,5%-ға дейінгі көрсеткішті құрады.

Қазақстанда адам өлімнің ең көп тараған себептерінің бірі – қан айналымы жүйесінің аурулары. Қан айналымы жүйесінің ауруларынан биыл 22,7 мың қазақстандық қайтыс болды. Бұл өткен жылға қарағанда  30,2%-ға аз», - делінген зерттеуде.

Бұдан әрі неоплазма ауруы (10,2 мың қайтыс болған), тыныс алу органдарының аурулары (9,8 мың адам қайтыс болған), жазатайым оқиғалар, улану және жарақат (8,5 мың адам қайтыс болған), сондай-ақ ас қорыту органдарының аурулары (8,1 мың адам қайтыс болған) сияқты себептер бар.

Айта кетейік, ҚР Премьер-Министрінің ресми ресурсы Серік Жұманғариннің Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша ВАК отырысын өткізгенін хабарлаған еді.

Қараша айында қазан айымен салыстырғанда коронавирус 1,6 есеге өскен (аптасына 453 жағдайдан 725 жағдайға дейін). Дегенмен Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова COVID-19-ға тестілеу саны азайғанын айтты. Себебі ауру жеңілдей бастаған және көптеген адамдарда медициналық көмекке жүгінбей коронавирустық инфекцияға төтеп бере алатын антидене қалыптасқан.

Серіктес жаңалықтары