Оралда белгілі теологтың «Кемел адам» кітабы таныстырылды

Azattyq Rýhy

Ол өзі ұйымдастырған байқаудың жеңімпаздарын марапаттады

Оралда белгілі теологтың «Кемел адам» кітабы таныстырылды

Оралдағы Хадиша Бөкеева атындағы Қазақ драма театрында елімізге белгілі дінтанушы, жазушы Қайрат Жолдыбайұлының қатысуымен рухани кездесу кеші ұйымдастырылды. 

Шараны ұйымдастыруға БҚО Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ ұйытқы болды. Рухани шара жастар бойына зайырлы мемлекеттің құндылықтары мен қағидаларын сіңіру, білім-ілімдерін толықтыру, әдет-ғұрыптарды сыйлау, отансүйгіштікке тәрбиелеу, азаматтық қоғам қалыптастыруға талпыныс жасау мақсаттарын көздеді.  

Кедесуде Қайрат Жолдыбайұлы ұлы ақын Абайдың философияға толы шығармашылығымен үндес сарында жазып шығарған «Кемел адам» кітабын оқырман назарына ұсынды.

«Қазақ дүниені жалған өмір деп текке айтпаған. Өйткені бұл өмірде бәрі өткінші, басы да, аяғы да бар. Ең өкініштісі, көбіміз материалдық құндылықтардың соңына түсеміз деп, рухани жан дүниемізді жетілдіруді ұмыт қалдырамыз. Ал Алла тағала адамды жаратқанда оған белгілі бір миссия жүктегені, қайырымдылық, ізгілік қасиеттері бойына сіңіргені анық нәрсе. Ендеше, біз кез келген жағдайда, қандай қиындық пен ауыртпалыққа тап болсақ та, кісілік келбетімізді, ұстамдылығымыз бен сабырымызды жоғалтпауға тиіспіз. Дөрекілікке дөрекілікпен, жабайылыққа жабайылықпен жауап бермеуіміз керек. Атам қазақтың «Таспен атқанды аспен ат» деген мәтеліндегі секілді, ашумен келген адам болса да жақсы көзбен қарауға тырысуымыз қажет.

Ең бастысы - өз-өзіңді ұстау, кекке бой алдырмау. Былай қарап тұрсаңыз, сіз үшін тап қазір үлкен мәселе болып көрінген жағдай уақыт өткеннен кейін түкке тұрғысыз болып қалуы мүмкін. Яғни асығыс, ойланбай қадам жасаудан аулақ болғанымыз дұрыс. Қара күшке қара күш, тентекке тентек қашан да табылады. Жанжалдың, дау-дамайдың алдын алған адам нағыз кемел адам деуге лайық. Жаратқан сыйлаған өмірдің әр сағатына, әр минутына, әр секундына қуаныңыз, соны барынша мәнді қылып өткізуге күш салыңыз. Өткенге өкінбей, келешектен үміт күтіңіз. Құдай алақан жайып, тілек тілеген пендесіне ырыздық-несібесін өзі береді», - деді  Қайрат Жолдыбайұлы көпшілікке қарата сөйлеген сөзінде.

Кездесу барысында дінтанушы кітапсүйер оқырмандарына арнап ұйымдастырған байқаудың жеңімпаз-жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы тапсырды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.