Шу қаласында жеке үй өртеніп, екі бала көз жұмды
Өрт кезінде балалар үйде жалғыз болған
Жамбыл облысының Шу қаласында болған жеке тұрғын үй өртеніп, екі кішкентай бала көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
2 желтоқсанда сағат 23:55-те Шу қаласында жеке тұрғын үйде өрт болды. 30 шаршы метр аумақтағы үй заттары мен жиһаз өртенген.
«Өрт орнында 2017 жылы туған және 2020 жылы туған 2 баланың мәйіті табылды. Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің күштері өртті сағат 00:10-да оқшаулап, сағат 00:35-те сөндірді. Бірінші бөлімше өрт орнына сағат 23-58-де, өрт туралы хабарлама келген соң 3 минуттан кейін келді», - деп көрсетті ТЖМ.
Өрт кезінде балалар үйде жалғыз, ересектердің қарауынсыз болды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, қайтыс болған балалардың анасы 1989 жылы туған азамат балаларды үйде қалдырып, есікті сыртынан жауып тастап кеткен.
Осы өрт фактісі бойынша ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігі «өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір аталған қылмыстық іс шеңберінде тергеу іс-шаралары жүргізілуде.