Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макронның бірлескен мәлімдемесі жарияланды
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады
Ақорданың баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макронның бірлескен мәлімдемесін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
1. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Француз Республикасының Президенті Эмманюэль Макронның шақыруымен 2022 жылғы 29-30 қарашада Францияға ресми сапар жасады.
2. Мемлекет басшылары 2008 жылғы 11 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шарттың қолданысын атап өте отырып, екі ел арасындағы барлық деңгейдегі сенімді және тұрақты диалогқа қанағаттанушылық білдірді. Қазақстан ̶ Францияның Орталық Азиядағы басты экономикалық әріптесі, ал Франция – Қазақстан экономикасының жетекші инвесторларының бірі.
3. Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 30 жыл толып отырған кезеңде президенттер екі ел арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары серпінін құптады.
4. Француз Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Президентінің тұрақтылық пен орнықты дамудың айнымас шарты болып саналатын заң үстемдігін, негізгі бостандықтарды және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған терең реформалар жүргізуін қолдайтынын растады.
5. Тараптар жаһандық және өңірлік деңгейде бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға өзара жәрдемдесу ниетін қуаттады. Олар халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаттарына, әсіресе мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығына өздерінің мызғымас бейілдігін атап өтті. Қазақстан мен Франция Украина төңірегіндегі жағдайға, оның гуманитарлық салдары мен жаһандық экономикаға әсеріне, ең осал елдердің азық-түлік қауіпсіздігіне қатты алаңдауда.
6. Президенттер Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясында тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендігі жөнінде мәлімдеді. Осыған байланысты олар 2022 жылғы 27 қазанда Астанада өткен «Еуропалық Одақ ̶ Орталық Азия» бірінші саммитінің өткізілуін құптады.
7. Олар Орталық Азияда ірі көліктік бастамалардың, атап айтқанда Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуын қанағаттана атап өтті. Тараптар Еуропалық Одақтың «Global Gateway» жобасының іске асуына қолдау білдірді.
8. Президенттер Қазақстан-Франция ынтымақтастығының жоғары серпінін баса айтты және стратегиялық әріптестік рухында оны әртараптандыруды және өзара мүдделі барлық, атап айтқанда экономика және инвестиция, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым және мәдениет салаларында тереңдетуді жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
9. Экономика саласында президенттер сауда мен инвестицияны, әсіресі негізгі энергетикалық секторда одан әрі дамытудың жоғары әлеуетін атап өтті. Қазақстан Францияға уран мен шикі мұнайды негізгі жеткізушілердің бірі болып табылады. Тараптар аса бағалы шикізат материалдары, оның ішінде жерде сирек кездесетін материалдар саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Сапар барысында жаңартылатын энергия көздері, «жасыл сутегін» өндіру, бейбіт атомды пайдалану, су ресурстарын басқару, темір жол көлігі және агроөнеркәсіп кешені салаларында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
10. Климаттық күн тәртібінің өзектілігі тұрғысында Қазақстанда жинақтау мүмкіндігімен бар, республиканың көміртегісіз инновациялық энергия көздеріне көшуіне ықпал ететін қуаты 1,2 ГВт жел электр станциясын салу бойынша ауқымды жобаның маңызы атап көрсетілді. Бұл жоба климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласындағы екіжақты ынтымақтастығымыздың нығаю нышаны.
11. Президенттер білім саласындағы ынтымақтастықтың басымдылығын атап өтті. Олар Астана мен Алматыда екі француз мектебін ашуға және дамытуға қолдау білдірді. Студенттердің ұтқырлығын, атап айтқанда «Абай-Верн» бағдарламасы шеңберінде шәкіртақылар санының көбеюіне және «Болашақ» бағдарламасы бойынша француз жоғары оқу орындары тізімін кеңейту арқасында арттыруды қолдады. Сондай-ақ Сорбонна-Қазақстан институтын қайта форматтауды қолдайтындықтарын білдірді және 2022 жылғы 30 қарашада Парижде 7-ші Қазақстан-Франция жоғары білім форумының өтуін, сондай-ақ білім беру саласындағы бірқатар құжаттарға қол қоюды құптады.
12. Денсаулық сақтау саласында екі елдің жетекші зерттеу және медициналық орталықтары арасындағы онкология, медициналық мекемелерді басқару және медициналық қызметтер көрсету саласындағы әріптестікті жалғастырудың маңыздылығын растады.
13. Президенттер мәдениет саласындағы ынтымақтастықты арттыру ниетін білдірді. Олар таяу жылдары екі ел арасында мәдени іс-шараларды, оның ішінде Парижде Қазақстан Республикасының Ұлттық көрмесін өткізуге бағытталған бастамаларды құптады.
14. Президенттер Шарм-эль-Шейхте өткен COP 27 Конференциясында климаттың өзгеруіне қарсы күресте өздерінің берік ұстанымдарын қуаттады және 1,5° деңгейіндегі жаһандық жылу деңгейін ұстау мақсатын растауды құптады.
15. Қазақстан Республикасының Президенті Француз Республикасының Президентіне 2024 жылы Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына дайындықта табыс тіледі.
16. Қазақстан Республикасының Президенті Француз Республикасының Президентін таяу уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды.