СҚО-да бірнеше елден келген қандастар бір ауылда тұрып жатыр
Бәйтерек ауылында 400-ден астам шаңырақ түтін түтетіп отыр
Бәйтерек – Солтүстік Қазақстан облысындағы ең жаңа ауыл. Іргетасы 2009-2010 жылдары қаланған. Елдімекенде Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Шешенстан сынды тағы басқа мемлекеттерден көшіп келген қандастар тұрып жатыр. Жалпы 400-ден астам шаңырақ түтін түтетіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Бәйтерек – көзге өзге ауылдардан ерек көрінеді. Қаз-қатар болып тізілген типтік үйлер ауылдың жас екенін аңғартады. Елдімекеннің орын тепкен жері жайлы. Күре жолдың бойында тұр. Ауылдың келесі шетімен ерке Есіл ағып жатыр. Табиғаты әдемі. Тек қалаға жақын болғандақтан жайылымдық жер тапшы.
Қазір мұнда 428 отбасы тұрып жатыр. Бәрі шет елдерден атамекеніне оралған қандастар. Әр елдің салты басқа демекші, тұрғындар бастапқыда бір-бірімен тіл табысу, жаңа жерге сіңісіп кету оңай болмағанын айтады. Өйткені әрқайсысының өскен ортасы бөлек. Ал бәрін біріктірген, бір жерде тоғыстырған күш – атамекенге деген сағыныш.
«Өзбекстанда тұрмысымыз жаман болған жоқ. Тек соңғы жылдары ұлтшылдық сарында біраз қиындықтар туа бастады. Қазақтарды шеттеткен жағдайлар болды. Жұмысқа орналасқанда да жергілікті ұлт өкілдеріне басымдық берілді. Қазақ мектептері жабыла бастады. Бәрі латын әліпбиіне көшті. Қазақтардың барлығы кетіп жатты. Сосын біз елге оралуға бел байладық. 2008-шы жылы Қазақстанға көшіп келдім. Бастапқыда Мамлют айданында тұрдық. 2010 жылы Бәйтерек ауылына қоныс аудардық. Сол кездері Петропавлда автобус жүргізушісі болып қызмет еттім. Кейін жүк көліктерін айдадым. Сосын денсаулығым сыр бере бастағаннан кейін, жеке кәсіп ашып, осы Бәйтерек пен Петропавл арасында жолаушы тасуға көштім. Ресми түрде такси қызметін көрсетемін. Жазда жылыжай ұстаймын. Екі баламды осы ауылда үйлендірдім. Әйелім үйде отырады. Өзбекстанда әйелдер жұмыс істемейді. Біздің отбасымызда да солай қалыптасып қалды. Басында келгенде біраз қиналдық. Ыстық жерден суыққа келдік. Ауа райын үйрену оңай болған жоқ. Көршілер бір-бірімізді танымаймыз. Ешкім бір-біріне қонаққа бармайтын. Қазір Наурыз, Тәуелсіздік күні мерекесі сынды үлкен мейрамдарды бірге атап өтеміз», - дейді Әбжідаппар Ағыбаев.
АУЫЛДА ТУУ КӨРСЕТКІШІ ЖОҒАРЫ
Бастапқыда ауыл балалары аудан орталығына қатынап оқыды. 2016 жылы Бәйтерек орта мектебі ашылды. Қазір елдімекенде полиция пункті, әкімдік, мешіт пен дәрігерлік амбулатория жұмыс істеп тұр. Бірнеше дүкен, мейрамхана бар.
«Амбулаторияда 2 мыңға жуық адам тіркелген. Күндізгі стационар бар. Науқастарға өзіміз ЭКГ да жасай береміз. Осы ауылда қызмет етіп жатқаныма 4-ші жылға кетіп барады. Кейде ауыл тұрғындарымен түсінісу оңай емес. Әрқайсысының сөйлеу мәнері әртүрлі. Кейде диаклектілерді ұқпай жатамын. Бастапқыда жанжал да болған. Арыз жазған сәттер де болды. Қазір үйреністік. Бір қуантатыны ауылда тту көрсеткіші жоғары. Көп балалы отбасылар көп. Балабақшада 87, мектепте 382 оқушы бар», - дейді аға дәрігер Өмірзақ Низамиддин.
Тұрғындардың басым бөлігі облыс орталығына қатынап жұмыс істейді. Өз ісін дөңгелетіп отырғандар да баршылық. Солардың бірі - тігінші Бибінұр Жамалиева. Шебер Ресейдің Қорған облысынан қоныс аударған.
«Ауылдық жерде тұрдық. Өркениеттен тыс қалған жер болатын. Тіпті таза ауыз су жоқ. Проблема әлі күнге шешілмепті. Санаулы қазақ өте ұйымшыл болдық. Ұлттық мейрамдарды керемет атап өтетінбіз. Туыстардың барлығы осында болғандықтан, елге келдік. «Нұрлы көш» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын естіп, мүмкіндікті пайдаланайық дедік. Басында қиналдық. Бірақ ешқашан өкінген емеспін. Балаларымның барлығы ер жеткен. Қазір қолөнермен айналысамын. Қалада шағын сауда нүктесін аштым. Өзімнің тіккен бұйымдарымды сатамын. Ісімді жаңа бастадым. Ауыз толтырып айтарлық жетістік жоқ. Бір қиыны қалаға қатынайтын автобус жоқ. Әкімдік соны реттеп берсе екен деген тілек бар», - дейді Бибұнұр Жамалиева.
Ал Хабида Абдрахманова Қырғызстаннан көшіп келген. 12 жылдан бері Бәйтерек ауылында тұрып жатыр. 2017 жылы зейнетке шыққан. Содан бері есік алдында құлпынай өсіріп, сатумен айналысады.
«Бішкекте тұрдық. Жырақта 30 жылым өтті. Солтүстік Қазақстан – ауасы таза, елі жайлы, орман-көлі көп өлке деп еститінмін. Сондықтан, таңдауым осы жаққа түсті. Әрі үй берілетінін білдік. Қысқа таман көшіп келдік. Күн сұп-суық. Қардың қалың түскені сонша, биіктігі үйлерге жетіп қалды. Қыс бойы әкімдік берген көмірді тасып, амалдадық. Пеш жақтық. Осы жаққа келгеніме қатты өкініп, жылаған кездерім болды. Қыс артынан көктем келіп, жаз туды. Орманның барлығы көк көйлекке оранды. Табиғаты тамаша екен. Сонда ұқтым, Қызылжар жердің жәннәты екен. Сол сәттен барлық теріс ойымнан айнып, осы жақта тұрақтауға бекіндім. Қырғызстанда меңгеруші болып қызмет еткен кездерім болды. Ал Қазақстанда қандай жұмыс ұсынылса, соған келісуге тура келді. Құлпынай өсіру – табысты кәсіп. Мамыр айында гүлдейді. Екіжылдық. Суды жақсы көреді. Жаз бойы бірнеше өнім береді. Тұрақты тұтынушылар бар. Сұраған адамның бәріне жетеді», - дейді Бибісара апай.
Шет елден келген қандастарды бауырына басқан Бәйтерек ауылы жыл сайын ілгері басып келеді. Өзге елдімекендердегі сынды проблемалар мұнда да жоқ емес. Ал тұрғындар бар қиындықты бірге еңсеріп жүр.