$ 541.34  640.73  6.53
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Реалда» жұмыс істеген қазақ қызы «Қайратқа» қандай PR-кеңес айтты – эксклюзив сұхбат

Маркетинг маманының айтуынша, алдағы кездесу бүкіл Қазақстан футболының беделін көтереді

«Реалда» жұмыс істеген қазақ қызы «Қайратқа» қандай PR-кеңес айтты – эксклюзив сұхбат
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Алматыда өтетін тарихи футбол матчына оншақты күн қалды. Осыған орай Azattyq Rýhy тілшісі  «Реал Мадрид» клубында тәжірибеден өткен, спорттық маркетингтің тісқаққан маманы Альбина Бунескудан эксклюзив сұхбат алды.

Ол алдағы кездесудің Қазақстан футболына берер құндылығын баяндады.

– «Реал» командасы «Қайратпен» кездесетінін білгенде қандай реакция танытты? Испанияда біздің клуб туралы қаншалықты біледі?

– Ресми баспасөз жиынында айтылған пікірлерге қарағанда, команда үшін басты мәселе сапардың ұзықтығы болған. Мұндайда логистиканы дұрыс жоспарлай білу қажет, өйткені ойыншылардың физикалық дайындығына әсер етуі мүмкін. Алайда мадридтік клуб жеребе таңдауына құрметпен қарады. Олар бұл матчтың Қазақстан футболы үшін өте маңызды екенін жақсы түсінеді.

– «Реал Мадрид» секілді әлемдік брендтің маркетингі қалай жүргізіледі? Қазақстан футболы нені үйренуі тиіс?

– «Реал Мадридте» маркетинг кешенді жүргізіледі: ауқымды жаһандық және жергілікті стратегиялар бір-бірін толықтырып, әр шараны есте қаларлық оқиғаға айналдыра біледі. Бренд тек спорт жанкүйерлерімен ғана емес, бизнес, туризм, білім беру салаларымен де байланыс орнатқан. Қазақстан футболына, менің ойымша, ұзақ мерзімді стратегияға көңіл бөлу және жас жанкүйерлермен жүйелі жұмыс жүргізуді қолға алу қажет. Футбол мәдениетін қалыптастыруды кішкентай жастан бастаған дұрыс, тек «қазіргі сәттегі» міндеттерді шешумен шектелмеу керек.

– Бұл матч Қазақстан футболына қандай серпін береді деп ойлайсыз?

– Екі клубтың ойын алаңында кездесуін ірі медиалық оқиға дер едім. Бұл тек «Қайраттың» емес, бүкіл Қазақстан футболының беделін көтереді. Демеушілер мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Ең бастысы жас буынға шабыт сыйлайды. Олар өз елінің клубы әлемдегі ең мықты командалардың бірімен ойнай алатынын көріп, футболдың тек жергілікті деңгейде емес, бүкіл әлемде маңызды спорт екенін түсінеді. Бұл оларға арман қуып, футболмен шындап айналысуға шабыт береді.

– Алдағы ойында қай командаға болысасыз?

– Өзімді жанкүйер ретінде көрмеймін, мен спорттық маркетинг маманымын. Бұл екі түрлі нәрсе. Маркетинг тұрғысынан айтар болсам, біздің команда осы бір тарихи оқиғаны тиімді пайдаланып, жанкүйерлер мен серіктестердің сеніміне ие болу керек. Бұл кездесу – бүкіл Қазақстан футболы үшін тарихи мүмкіндік. «Қайрат» пен Қазақстанды әлемдік деңгейде көрсетуге жол ашылады.

– Осы матчтан кейін «Реал» қазақстандық жанкүйерлермен байланысын нығайта ма?

– Жеребеден кейін «Реал Мадридтің» әлеуметтік желілеріндегі қазақстандық аудиторияның саны айтарлықтай артты. Ресми парақшасында Қазақстан туы бейнеленген жазбалар жарияланды. Бұл да қазақстандық жанкүйерлерді тартудың қадамы деуге болады. «Реал Мадрид» клубы халықаралық аудиториясын кеңейтуге әрдайым мүдделі. Қазақстан да осы бағыттағы қызықты нарық болып отыр. Сондықтан болашақта бірлескен жобалар жүзеге асуы әбден мүмкін.

Серіктес жаңалықтары