$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Таразда көктайғақ салдарынан бір түнде 15 жол-көлік оқиғасы тіркелді

Жол-көлік оқиғасының себептерін анықтау мақсатында сараптамалар тағайындалды

Таразда көктайғақ салдарынан бір түнде 15 жол-көлік оқиғасы тіркелді
Фото ашық дереккөзден

Таразда көктайғақ салдарынан бір түнде 15 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Мұзға тайып мертіккендер де көп. 6 адам ауыр жағдайда ауруханаға түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Ал коммуналдық кәсіпорындар кешелі бері жол ашып жатыр. Кеше кеште басталған қар аралас жаңбыр тараздықтарды әбден әбігерге салды. Көктайғақ салдарынан құлап, жарақат алған адамдар саны күрт өсті. Қалалық аурухананың жарақат бөлімшесіне 180 адам көрінген. Оның 41-і – бала.

«Азанда балаларымды, немерелерімді мектепке апара жатқанмын ғой. Сол кезде құладым. Астында қалды қолым. Сомен үйге бардым. Келінімді шақырдым жұмыстан. Сынып кеткен деді. Гипстеп берді», - дейді қала тұрғыны Үрзада Көшерова.

Көктайғақта жығылып, жарақат пунктіне келіп жатқандар көп. Дәрігерлер түске дейін 100-ден аса тұрғынның медициналық көмекке жүгінгенін айтады. Дегенмен әлі де келіп жатқандар бар. Мұзға тайып жарақаттанғандар арасында ауыр жағдайда түскендер бар. Бүгінде 6 тұрғын аурухана төсегіне таңылды. Ем іздегендердің басым бөлігі сүйек сынығымен рентген кабинеттерінде кезекте тұр.

 «Ауыр науқастар да бар. Аяқ, жамбас сүйектері, қолдары сынған. 6 адамдай жарақат бөліміне госпитализацияда жатыр. Әріптестерімізге өте көп салмақ болып түсіп жатыр. 2-3 дәрігер болып істеп жатырмыз», - деді травматолог Нұржан Әбдірайымов.

 Көк мұзға айналған көшелер көлік ағынына да кері әсерін тигізді. Қала ішінде қатынайтын жолаушылар автобусы жолдан шығып кетті. Бір тәулікте 15 жол-көлік оқиғасы болды.

 «Жол көлік оқиғасының себептерін анықтау мақсатында сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда барлық бағыт бойынша жолдар ашық», - деді Жамбыл облыстық ПБ баспасөз хатшысы Гүлсара Мұқтарқұлова.

Коммуналдық кәсіпорындар түннен бері қала ішілік жолдарды тазалап әлек. Бұл жұмыстарға 16 арнайы техника мен 185 жұмысшы жұмылдырылған. Әкімдіктің мәліметінше, тұз аралас құмды тек орталық көшелерге емес шет аумақтарға да сеуіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары