Астанада ит пен мысық асырау үшін лицензия алу талабы енгізілуі мүмкін
Жыл басынан жануарларды серуендету ережесін бұзған 462 елордалық жауапқа тартылған

Астанада ит және мысық асырау үшін рұқсат беретін лицензия енгізу ұсынысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жолданды. Бұл туралы бүгін елорданың маслихатында өткен тұрақты комиссияның отырысында Астана қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Астанада Экология министрлігі бекіткен үй жануарларын ұстаудың және серуендету мен оларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидалары бекітілді. Бүгінде министрлікке иттер мен мысықтарды асырау үшін рұқсат беретін лицензия түрін енгізу қажеттігі туралы нақты ұсыныстар жолданды», - деді Дәулет Досқұлов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Таңба» жануарларды есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Ол тек елордада ғана емес, республика бойынша үй жануарларының нақты санын анықтауға мүмкіндік береді. Дәулет Досқұловтың дерегінше, жыл басынан жануарларды серуендету ережесін бұзған 462 елордалық жауапқа тартылған. Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 2 млн 700 мың теңге.