Депутаттар ауыл шаруашылығындағы субсидиялау жүйесін өзгерту керектігін айтты
Елімізде АӨК дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр
Отандық ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі міндеттердің бірі – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Бұл бағытта талай қателіктерге жол берілді. Десе де олқылықтарды ескеріп, бөлінген бюджетті тиімді түрде игеретін кез келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 1 қыркүйекте жасаған Қазақстан Халқына жолдауында ауыл шаруашылығының негізігі проблемасына тоқталып өтті.
«Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашатын тиімді құрал.
«Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы. Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет», - деді Президент.
Бүгінде елімізде агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – осы бағыттағы еңбек өнімділігін екі жарым есе арттырып, АӨК өнімінің экспортын екі есе ұлғайту және отандық өндірістің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету арқылы бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен құру.
Алайда Мәжіліс депутаттары Ерлан Сайыров, Қайнар Абасов, Аманғали Бердалин және Айдос Сарым Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалдарында бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстардың тиімсіз атқарылып жатқаны айтылған.
«Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту мемлекетіміздің басты бағыты болып қала беретіндігін баса айтты. Біздің өңірлерге сапарларымызда аграрлық сала өкілдері ауылшаруашылық министрлігінің субсидия саясатына көңілдері толмайтындығын жеткізуде», - деді Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров.
Жалпы алдымен Ұлттық жобадан күтілетін экономикалық нәтижелерге тоқталып өтсек. Бағдарлама 2025 жылға дейін ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін бір адамға еңбек өнімділігін 6,2 млн теңгеге дейін ұлғайтуды; өңделген өнім үлесін 70 %-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 6,6 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуды; ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын 2019 жылғы 115,4 мың теңгеден 2025 жылы 230,8 мың теңгеге дейін арттыруды; 1 млн ауыл халқының табысын ұлғайтуды; 1 млн ауыл тұрғынының табысын ұлғайта отырып, экожүйелерге 350 мың фермерлік және үй шаруашылығын тартуды, ауыл шаруашылығында 500 мыңға дейін адамды жұмыспен, оның ішінде 100 мың тұрақты жұмыс орнымен, 400 мың маусымдық жұмыс орнымен қамтамасыз етуді көздейді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгінде субсидиялау жүйесінде мемлекеттік қолдаудың бірқатар шараларын алып тастады, оның орнына кейбір жеңілдіктерді кредит беру және инвестициялық субсидиялармен алмастыратын жаңа тәсілдерді әзірледі.
«Осы өзгерістердің қатарында инвестициялық субсидиядан құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялауды алып тастау ұсынылады, бұл инвестициялық субсидияны тиімсіз етеді, ал жалпы саланың өзі инвестициялық тартымсыз. Министрлік 2023 жылдан бастап өңірлерге беруді жоспарлап отырған тауарлық-спецификалық субсидиялар бойынша да терең сыни жағдай қалыптасуда. Айрықша субсидиялар төлемдерін, әсіресе импортқа тәуелді өнімдер бойынша облыстық деңгейге беру олардың күшін жоюмен тең», - деді төменгі палата депутаты Ерлан Сайыров.
Qoldau.kz порталының талдамалық деректері бойынша тауар субсидияларын алушылар жыл сайын шамамен 30 - 40 мың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері болып табылады. Егер шағын және орта бизнеске жататын әрбір кәсіпорын қызметкерлерінің орташа саны шамамен 40 - 60 адамды құраса, онда тұтастай алғанда субсидиялаудың бұл түрі 1,8 миллионнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен және жалақымен қамтамасыз етеді.
«Тауарлық субсидияларды жергілікті деңгейде беру бірінші кезекте қажетті өнімдерге бағаның өсуіне, оларды өндіру көлемінің төмендеуіне, жұмыс орындарының қысқаруына әкеп соғады. Ал бұл, өз кезегінде, импорт көлемінің өсуіне, еліміздің азық - түлік қауіпсіздігіне қатер төнуіне әкеледі. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сондай-ақ осы кезеңде субсидиялаудың түрлері мен бағыттарын өзгертуге жол бермеу туралы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің көптеген өтініштерін ескере отырып, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бүгінгі қолданыстағы субсидиялау жүйесін, оның ішінде тауарлық-спецификалық және қаржыландыру көздерін сақтай отырып, 2026-жылға дейін өтпелі кезең қарастыру жөн деп санаймыз», - дейді Мәжіліс депутаты.
Депутаттардың айтуынша, халықты дүрліктірмеу үшін министрлік ұлттық жобаға қосымша өзгерістер дайындап, тек сонан кейін субсидиялаудың жаңа тәсілдерін енгізгені дұрыс. Бұл тәсіл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге басталған жобаларды аяқтауға және жаңа жағдайларда қызмет жолдары мен тетіктерін пысықтай отырып, мемлекеттік қолдаудың жаңа жүйесіне көшуге дайындалуға мүмкіндік береді. Азық - түлік қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін аграрлық сектор өкілдерінің пікірімен санасу өте дұрыс деп санайды депутаттар.
Айта кетерлігі, Ұлттық жобаны іске асыру жұмыстарына «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі атсалысады. Нақтырақ айтқанда холдингтің еншілес және тәуелді компаниялары ұлттық жобаны іске асыруға бюджеттік, меншікті және тартылған қаражат есебінен қаржылық қызметтер көрсету арқылы қатысады. Ұлттық жобаны іске асыруды 2021 жылғы наурызда Холдингке қосылған «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кірген Холдингтің мамандандырылған салалық еншілес және тәуелді ұйымдары жүзеге асырады. Бұл компаниялардың банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыруға лицензиясы бар.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ инвестициялық жобаларға, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беруді жүзеге асырады, кейіннен АӨК субъектілерін қаржыландыру үшін екінші деңгейдегі банктерді, кредиттік серіктестіктерді, микроқаржы ұйымдарын, лизингтік компанияларды қорландырады. Қаржыландыру сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды ескере отырып (ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге және қайта өңдеуге бюджеттен тыс қаражат есебінен) жылдық 1,5%-дан бастап (егіс және егін жинау науқанын жүргізуге арналған бюджет қаражаты есебінен) жылдық 6%-ға дейінгі мөлшерлеме бойынша жүзеге асырылады. Кредиттеу мерзімі қорландыру көздеріне байланысты 12 жылға дейінгі мерзімді құрайды», - делінген холдингтің хабарламасында.
2021 жылғы желтоқсанда АӨК-дегі сақтандыру саласындағы операторға микрокредит беру жөніндегі функцияларды бере отырып, Аграрлық несие корпорациясына «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қосылды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ лизингке ауыл шаруашылығы техникасы мен арнайы техниканы сатып алу бойынша қызметтерді ұсынады.
«Сатып алынатын техниканың түріне байланысты 10 жылға дейінгі мерзімге субсидиялауды ескере отырып, ауыл шаруашылығы техникасы мен арнайы техниканы лизингке жылдық 6%-ға дейінгі сыйақы мөлшерлемесі бойынша сатып алуға болады. Бұл ретте лизинг алушының мемлекеттен ауыл шаруашылығы техникасы құнының 25%-ына дейінгі мөлшерде субсидия алу мүмкіндігі бар, ол аванстық төлемді төлеу есебіне де жіберілуі мүмкін. Холдинг компаниялары беретін қарыздардың қаржыландырылатын жобаның салалық ерекшелігіне байланысты негізгі борышты өтеудің жеңілдікті кезеңі болады. Екінші деңгейдегі банктермен салыстырғанда кепілдік саясаты клиенттерге бейілді, ауылдық жерлерде өтімділігі төмен кепілдік мүлікті қабылдауға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
Холдингтің 2021 жыл бойынша АӨК-ні қаржыландыруының жалпы көлемі 464,2 млрд теңгені құрады, бұл ретте өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өсім шамамен 4%-ды (18,5 млрд теңгеге) құрады, оның ішінде АНК (оның ішінде АШҚҚҚ) 322,5 млрд теңге сомасына АӨК субъектілерін қаржыландырды, «ҚазАгроҚаржы» лизингке 141,7 млрд теңгеге 7 276 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын берген.
«2022 жылдың 6 айында АНК мен «ҚазАгроҚаржы» кредиттеу және лизинг арқылы АӨК қаржыландыруға 241,4 млрд теңге мөлшерінде қаражат жіберді, оның ішінде АНК 182,6 млрд теңге сомасына АӨК субъектілерін қаржыландырды, ҚАҚ 58,8 млрд теңгеге 2 671 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын лизингке берді», - делінген хабарламада.
Айжан Жанатқызы