$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Отандық туризмдегі дестинациялар қашан дамиды?

2021 жылы туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 564,4 млрд теңге

Отандық туризмдегі дестинациялар қашан дамиды?

Қазақстан Республикасының   туризм   саласын   дамытудың   2019–2025   жылдарға   арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсаты - 2025 жылға қарай Қазақстан Республикасының ЖІӨ жалпы көлемінде туризмнің кемінде 8 % үлесін қамтамасыз ету. Azattyq Ruhy тілшісі қазір бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын тізіп шықты.

Отандық туризм саласында мемлекет қабылдаған шараларға байланысты бизнестің инвестициялық белсенділігі артты. Осылайша 2019 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде 400 млрд теңгеден астам сомаға 290 инвестициялық жоба іске асырылды. 2021 жылы 226 млрд теңге болатын 100-ден астам инвестициялық жоба енгізілді, ал биылға 5,2 млрд теңге болатын 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

Оның ішінде Түркістандағы «Керуен сарай» кешенінің іске қосылуы, Ақтаудағы «Тетис Блу» тақырыптық паркі, Алматыдағы Swissotel және HolidayInnExpress және басқа да ірі инвестициялық жобалар бар.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2021 жылы туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 564,4 млрд теңгені құрады. Жоспарланған көрсеткіштерге 8 өңірде қол жеткізілді.

Биыл қаңтар-сәуір айларында салаға 75,6 млрд теңге тартылды, 2022 жылға арналған жоспарлы көрсеткіш – 1 трлн теңге. Өңірлерде инвестициялар тарту қарқынын арттыру көзделген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекіткен бағдарламасында көрсетілген деректерге сүйенсек, Әлемдік жиынтық өнімнің шамамен 10 %-ы, әлемдік көрсетілетін қызметтер экспортының 30 %-ы, әлемдік инвестициялардың 7 %-ы, жұмыс орындарының 10 %-ы және барлық салық түсімдерінің 5 %-ы туризм саласына тиесілі.

Бір шетел турисінен түсетін табысқа баламалы кіріс үшін әлемдік нарыққа шамамен 9 тонна тас көмір, немесе 15 тонна мұнай, немесе 2 тонна жоғары сұрыпты бидай шығару керек. Бұл ретте шикізат сату елдің энергия жеткізгіштерін сарқиды, ал туризм ресурстарды жаңғыртады. Елге келетін әрбір турист әрбір сағат сайын шамамен 20 доллар жұмсайды, 30 турист 1 жұмыс орнын береді.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 50%-ға  өсті. Бұл шамамен 6,9 млн адам. Аталған көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 300 мың адамға көп.

Ұлттық саябақтарға келушілер саны өсті. 2020 жылмен салыстырғанда орналастыру орындарының саны 172 бірлікке өсіп, 3 686 қонақ үйді құрады. Бұл деректерді мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде айтты. Сондай-ақ, ведомство басшысы ететін туризм саласын дамыту жөніндегі одан әрі шараларға егжей-тегжейлі тоқталды.

«Көрсетілген қызметтер көлемі карантинге дейінгі кезеңге сай. 2021 жылы көрсеткіш 109 млрд теңгені құрады. Негізгі өсу ішкі туристер санының артуымен байланысты. Мысалы, Ақмола облысында қызмет көлемі 3 млрд теңгеге, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 2 млрд теңгеге, Шымкент қаласында 1 млрд теңгеге өсті. Сонымен қатар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар,Алматы, Атырау облыстары мен Алматы және Нұр-сұлтан қалаларында бұл көрсеткіштің айтарлықтай төмендеуі байқалады»,-деді Дәурен Абаев Үкімет отырысында айтқан баяндамасында.

Туристік ресурстар туристік инфрақұрылымды қалыптастырады. Туристік инфрақұрылымның құрамында екі негізгі элемент бар. Бірінші элемент – орналастыру және тамақтандыру қызметтерін, меймандостық қызметтерін ұсынатын кәсіпорындар. Екінші элемент – туристік өнімді қалыптастыруға қатысатын кәсіпорындар. Олар туристерсіз де жұмыс жасай алады, алайда туристік ағын дестинацияда ұлғайған кезде олардың экономикалық қызмет көрсеткіштері айтарлықтай жоғарылайды. Мұндай объектілерге ойын-сауық орындарын, мәдени-оқиғалық объектерді, ұлттық парктерді және т.б. жатқызуға болады. Жалпы дестинациялардың туристік ресурстары дегеніміз де осы.

Жеткілікті мөлшерде дамыған туристік ресурстар туристік дестинацияның қолжетімділігін, туристердің орналасу жайлылығын қамтамасыз етеді, мемлекетке және кәсіпкерлерге табыс әкеледі.

Бұл ретте әсіресе заманауи туристік құрал саналатын кемпингтер – туристерді орналастырудың қолжетімді орны болып табылады. Әлемдегі кемпингтер саны жыл сайын өсіп келеді, өйткені ең төменгі инвестициялармен кемпингтер кез келген туристерді қабылдай алады.

Мәселен Еуропада бұл бағыт жақсы дамыған. Десе де Қазақстан қалып қойған жоқ, елімізде кемпингтердің саны жыл сайын өсіп келеді. Қазақстандағы кемпингтердің кең тараған түрі – киіз үй глампингі (кемпинг түрлерінің бірі), ол туристер үшін қазақтың көшпелі дәстүрін көрсетеді және шетелдік туристер арасында өте танымал.

Жайлылық пен қызмет көрсетудің әртүрлі деңгейлеріне, сондай-ақ қазақстандық кемпингтерде ұсынылатын қызметтердің жоғары деңгейіне байланысты, бір күндік кемпингте тұру құны 5 мыңнан 45 мың теңгеге дейінгі бағаны құрайды. Аймақтық кемпингтердің автотұрақтарында бір автоүйге күнделікті тұрақ құны 5 мың теңгеден 10 мың теңгеге дейін жетеді.

Қазақстанның транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту үшін ақылы жолдарға инвестицияларды қайтару, ұлттық саябақтардың қызметін монетизациялау, жоспарланған ойын-сауық іс-шараларға көршілес елдерден көптеген автотуристерді тарту Қазақстанның аймақтарында этноауылдар, трейлерлер парктерін, глампингтер, шатырлы лагерлер түрінде ең қолжетімді орналастыру ретінде кемпингтер желісін кеңейту қажеттігі туындайды.

Сонымен қатар, министр дестинацияларда туристердің жайлылығы мен ыңғайлылығын қамтамасыз ететін өзге де шаралар жасау керектігін атап өтті.

«Дестинацияларда туристік өнімнің материалдық емес компоненттерін дамытуға назар аудару қажет. Сондықтан бүгін біз маркетингте өнімге бағытталған тәсілді енгізіп жатырмыз. Ол үшін Қазақстан бойынша «Қазақстанның Гранд-турының» негізіне кіретін бес басым бағыт анықталды", - деді министр Дәурен Абаев.

Туризм саласында дамып келе жатқан жобалардың бірі -  NeoNomad жобасы. Онда Қазақстанға келетін туристерге ұсынылатын орындар тізімі қалыптастырылады. Барлық орынға барған қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Жобаны кеңінен жария ету өңірлердегі бірегей орындарға назар аударуға мүмкіндік береді.

«Жоба барлық өңірде 20 дестинацияны қамтиды, объектілердің біраз бөлігі гранд маршруттар бойында орналасқан. Болашақта инфрақұрылымды жақсарту және гранд-маршруттарды кеңейту кезінде бұл орындар Қазақстан бойынша бір үлкен маршрутқа біріктірілуі мүмкін. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап туристік салада мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары қолданысқа енгізілді. Оларды жетілдіру мақсатында министрлік Мәжіліс депутаттарының бастамасымен туристік саланы қолдау мәселелері бойынша заң жобасы шеңберінде жұмыс жүргізіп жатыр», - деп нақтылады Абаев.

Бүгінде санитариялық-гигиеналық тораптардың жанында орналасқан объектілердің халықаралық стандарттарға, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға және осындай объектілерді салу мен пайдалануға қатысты басқа да стандарттарға сәйкес келмейтіні туралы талйа мәрте айтылды. Ең алдымен, туристер жүретін жолдардың бойындағы және туристік көрікті жерлердегі «көше дәретханларының» жағдайы басты мәселе күйінде қалып отыр.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев аталған мәселеге өңірлердің назар аударын талап етті. Оның айтуынша, бұл ретте жеке бизнесті тарту бойынша жұмыстар атқарылуы тиіс.

Құрылыс секторын регламенттейтін нормативтік-құқықтық базада «жайлы дәретхана», «жалпы пайдаланудағы жайлы дәретхана» деген ұғымдар жоқ. Бағдарламада құрылыс нормалары мен ережелері және санитариялық-эпидемиологиялық талаптар тиісті өзгерістер енгізуді талап ететіні көрсетілген.

Қазақстан Республикасының   туризм   саласын   дамытудың   2019–2025   жылдарға   арналған мемлекеттік бағдарламасында «ҚазАвтоЖол»ҰК» АҚ ұлттық маңызы бар жолдарда, демалыс орындарында және мәдени-тарихи орындардың жанында орналасқан алаңдарда немесе аялдамаларда жылы аялдама пункттерін, сондай-ақ модульдік павильондар жылы дәретханамен, күту залымен және сауда-саттық орнымен жабдықталғаны жазылған.

«Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, елдің ауқымында және қысқа мерзімде жайлы санитариялық-гигиеналық тораптардың мәселелерін шешу үшін мемлекеттің қатысуы қажет. Мәселен, Қытай Халық Республикасы 2015 жылы СГТ бойынша проблемалы мәселелерді шешу шеңберінде «дәретхана төңкерісі» бағдарламасы туралы жариялады, ол туристік көрікті жерлердегі СГТ жағдайын жақсартуға және олардың деңгейін жұлдыздар санатындағы ең төменгі стандарт 3-санатқа дейін жеткізуге бағытталған. Осы бағдарламаны іске асыруға Қытай басты туристік қалаларында және ауылдық жерлерде СГТ жаңарту және салу мақсатында 21 млрд юань (3 млрд. АҚШ доллары) бөлген. Бағдарламаны насихаттау мақсатында Қытай туризм агенттігі үлгілі СГТ (он туристік дестинацияда) тізімін жариялады, сондай-ақ объектілерді отельдер сияқты (1- ден 5 жұлдызға дейін) сертификаттау жүйесін әзірледі. Зерттеушілердің пікірінше, Қытай үкіметі жобаны іске асыру арқылы мынадай халықаралық және мемлекеттік мақсаттарды орындай алды: БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру (Sustainable Development Goals); мемлекеттің барлық өңірлердің, атап айтқанда ауылдық жерлердің дамуын қолдауы; қоршаған ортаны қорғау және ресурстарды қалпына келтіру; аурулардың алдын алу және кедейлікпен күрес», - делінген бағдарлама мазмұнында.

 

 

Серіктес жаңалықтары