Оралда «Жаңа толқын - 2022» шығармашылық фестивалі ұйымдастырылды

Azattyq Rýhy

Байқауға өңірдегі 4 жоғары оқу орнының өрендері қатысты

Оралда «Жаңа толқын - 2022» шығармашылық фестивалі ұйымдастырылды

Оралда «Жаңа толқын - 2022» шығармашылық фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Орал қалалық жастар мәдениет үйінде БҚО бойынша жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйытқы болуымен БҚО жоғары оқу орындарының І курс студенттері арасында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жаңа толқын - 2022» шығармашылық фестивалі ұйымдастырылды.

Облыс жастарының өзін өзі жан-жақты дамытуы, жоғары оқу орындары студенттерінің арасында достық қарым – қатынастары нығайту және дарынды жас өнерпаздарды анықтап, шығармашыл жастардың тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету мақсатында өткізілген бұл байқауға өңірдегі 4 жоғары оқу орнының өрендері қатысты.

Топтық жұмыстарды бірлесіп атқарып, өздеріне тапсырылған міндеттерді жауапкершілікпен ұйымдастырған, шығармашылық фестивальде өнер көрсетуші дарынды студенттерге жігер сыйлап, жан-жақты қолдау білдірген оқу орындарының қатарында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық–техникалық университеті, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті, Батыс Қазақстан инновациялық–технологиялық университеті болғанын атап өту керек.

Жастардың барлығы сайысқа сақадай сай дайындалып, өз өнерлерін ортаға салды. Нақты айтқанда, қатысушылар сахна мәдениетін меңгеру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру ұлттық аспаптарда ойнау шеберлігін шыңдау мен дәстүрлі ән шырқау, мың бұралып би билеуден бақтарын сынады. Сонымен қатар, өзге халықтардың мәдениетін, салт-дәстүр, ғұрыптарын да сыйлауды үйренді. Фестиваль аясында студенттер күнделікті өмірдегі түрлі жағдайларды әзілмен әдемі жеткізе біліп, қызықты сәттерді таспаға түсіріп, көрермен қауымға паш етті.

Байқауда әр аталым бойынша үздік танылған оқу орны белсенділері жүлделі орындарға, ақшалай және бағалы сыйлықтарға ие болды.

Сайыс соңында БҚО бойынша жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Аслан Тапишев жастардың шығармашылық бастамаларына қолдау көрсетіп, «Жаңа толқын – 2022» шығармашылық фестивалінің үлкен дәрежеде өтуіне өз үлесін қосқан Орал қалалық жастар мәдениет үйінің директоры Медет Рысқалиұлына барлық қатысушылар атынан өз алғысын білдірді.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.