Оралдағы өнер ордасына отыз жыл толды

Azattyq Rýhy

Мерекелік датаға орай Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында салтанатты іс-шара өтті

Оралдағы өнер ордасына отыз жыл толды

Биыл Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Мәдени-ағарту бірлестігінің» құрылғанына 30 жыл толып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мерекелік датаға орай Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында бірлестікке қарасты комьюнити орталықтары, аула және мәдени клубтары тәрбиеленушілерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.

Қазіргі таңда мәдени-ағарту бірлестігінде 24 бөлімше, оның ішінде қаланың әр аумағында орналасқан 11 балалар аула клубы, 8 комьюнити орталықтары, «Жас ұрпақ» жасөспірімдердің әлеуметтік даму орталығы, Ю.Гагарин атындағы балалар кинотеатры, «Ардагер» клубы және көру, есту және сөйлеу қабілеттері нашар топтарға арналған «Ақниет», «Бойтұмар» мәдени клубтары жұмыс жасайды.

Бірлестіктің салтанатты іс-шарасына Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, сала мамандарына алғысхат табыс етті.

«Балаларымыздың болашақта жан-жақты, білімді, мәдениетті, ең бастысы көрегенді әрі тәрбиелі боп қалыптасуы, жастардың қоғамға сай өмір сүруі, қарияларымыздың зейнеткерлік уақытын тиімді пайдалануы жолында «Мәдени-ағарту бірлестігі» оң ықпалын тигізеді. Баланың қызығушылығына септігін тигізіп, икеміне қарай жаңа қырынан танылуына, өмірлік жолын анықтауда аула клубтары мен комьюнити орталықтарының маңызы зор. Сол сияқты, әлеуметтік орталықтың да жасөспірімдердің әлеуметтік ортаға бейімделуі, тәрбие үлгісін көрсету, ұлттық асыл қазына – салт-дәстүр мен халық музыкасын насихаттау мақсатында жұмыс жасайтын ардагерлер клубының жұмысы бүгінде ерекше маңызға ие. Баршаңызды аталмыш бірлестіктің мерейтойымен құттықтай отырып, қаламыздың мәдени өмірі үшін жасап жатқан игі істеріңіз үшін алғыс білдіремін», - деді Мирболат Нұржанов.

Құттықтаудан кейін салтанатты кеш бірлестік мамандары мен комьюнити орталықтары, аула және мәдени клубтары тәрбиеленушілері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Кеш барысында мәдени-ағарту бірлестігінде, оған қарасты ұжымдарда қызмет атқарған сала ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табыс етілді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.