«Шәкіртақы өсіп, университеттерде «Онлайн-оқыту» жүйесі іске қосылады» - Ғылым және жоғары білім министрлігі
Қазақстанның 32 ЖОО Азия университеттерінің топ-тізіміне кірді

Жуырда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі стратегиялық басымдықтарды айқындап, бірқатар бағдарламалық құжаттарды бекітті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Бағдарламалар қатарында университеттер автономиясы туралы ҚР Заңы, «Сапалы білім «Білімді ұлт» ұлттық жобасы, 2022-2026 жылдарына Қазақстан Республикасының Білімді дамытудың тұжырымдамасы бар.
Аталған құжаттар негізінде жоғары білімді дамытудың басты бағыттары айқындалды. Бұл ретте, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге қолжетімділікті кеңейту; мамандарды даярлаудың алдын-ала болжау моделіне көшу; жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің бәсекеге қабілеттілігін көтеру және мазмұнды жаңарту; жоғары білімдегі цифровизациялау; университеттердегі басқару жүйесін жетілдіру; жоғары білімдегі интернационализациялау; жоғары білім жүйесінің сапасын қамтамасыз ету көзделген.
Бүгінде елімізде 119 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Оның ішінде 11 ұлттық, 29 мемлекеттік, 14 азаматтық емес, 1 автономды оқу орны, 1 халықаралық, 16 акционерлік және 47 жеке меншік оқу орындары бар. Барлығы 609 150 студен білім жатыр. Олардың 38%-ке жуық мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды (230 375 адам).
«Жыл сайын грант саны өсуде. 2022-2023 оқу жылына 88 214 грант бөлінген (бакалавриатқа - 73 061, магистратураға - 13 263, докторантураға - 1 890 орын). Бұлардың 60% (42 303 грант) техникалық мамандарға берілген. 10 мың грант Батыс (Атырау және Маңғыстау облыстары) жастары мен тығыз қоныстанған аймақтарға берілген. «Серпін» бағдарламасына 3 653 грант бөлінді. Одан бөлек, шетел азаматтарына 490 грант бөлінген. Оның ішінде 150 грант Орта Азия мемлекеттерінің азаматтарына, 100 орын Исламдық ыңтымақтастық ұйымына кіретін елдер азаматтарына берілді», - деп нақтылады Қуаныш Ерғалиев.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында білім жетістіктері мен азаматтардың әлеуетті категориясын ескере отырып, гранттарды бөлу моделін жетілдіру қарастырылып жатыр.
«Жаңа оқу жылынан бастап, студенттердің шәкіртақысы 20%-ға (31 423 теңгеден 36 660 теңгеге дейін), магистранттар мен докторанттар шәкіртақысы 15%-ға (76 950 теңгеден 86987 теңгеге дейін және 172 500 теңгеден 195 000 теңгеге дейін) өседі. Бұл үрдіс болашақта да жалғасады (жыл сайын 20%-ға өседі). Сонымен қатар, білім беру гранттары иегерлерінің эскроу-шоттарына мемлекеттік тапсырысты дербес қаржыландыру мәселесі де қарастырылып жатыр», - деді вице-министр.
Министрліктің тағы бір міндеті – заманауи маман даярлау моделін еңбек нарығына бағыттау. Білім беру бағдарламалары кәсіби, аймақтық стандарттар мен атластарға негізделген.
Өз кезегінде университеттер осының бәрін ескере келе, еңбек нарығында талап етілетін дағдыларды қалыптастыру үшін инновациялық және пәнаралық білім беру бағдарламаларын әзірлеген.
«Жоғары білім беру жүйесі мен еңбек нарығын одан әрі жақындастыру үшін алдын-ала болжау кадрлар жүйесін енгізу жоспарлануда. Аймақты университеттер әкімшілікпен және жергілікті корпоративты сектормен тығыз байланысады. Осылайша, аймақты университеттер әр аймақтың экономикасы үшін жергілікті өсу нүктелеріне айналады.Жалпы, білім беруді дамытуға екі тең тарап – жұмыс берушілер (бизнес) мен академиялық қауымдастық қатысуы керек», - деп нақтылады ол.
Бұл жүйе «Мамандығым-болашағым» бағдарламасының негізі болады. Университеттердің академиялық еркіндігін одан әрі арттыру мақсатында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің Мемлекеттік білім беру стандарттарына өзгерістер енгізілді. Оның ішінде университеттердің практик-мамандар мен топ-менеджерлерді тартудағы мүмкіндіктері артты.
Вице-министр келтірген деректерге сүйенсек, Дүниежүзілік экономикалық форум болжамдарына сәйкес, 10 жылдан кейін 60% жуық мамандықтар трансформацияға ұшырайды, немесе жойылады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өмір бойы білім алу тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдамада көзделген шаралар көптеген білім алу жолдары арқылы, неформалды оқыту арқылы да, жаңа білім мен құзыреттіліктерді алуға мүмкіндік береді. Тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында Мемлекеттік білім беру стандартында микроквалификация білім алу нәтижелерін қабылдау жоспарланған, «нано-кредиттер», «жинақталған дәрежелер» ұғымдар енгізілген», - деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Келесі оқу жылынан бастап «Онлайн-оқыту» жүйесі жүзеге асырыла бастайды. Бұл ретте министрлік жоғары оқу орындарында цифрлық оқыту ресурстарын, желілер мен жаппай ашық онлайн-курстарды дамытуды қолға алмақ.
Сонымен қатар, еңбек нарығын практик-мамандармен қамтамасыз ету үшін осы жылдың қыркүйек айынан бастап пилоттық режимде жоғары білім дәрежесінде қолданбалы бакалавриат бағдарламасы жүзеге асырыла бастады.
«Бұл бағдарлама негізінде жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатылып отыр, «практикада білім алу» приципі қолданылып отыр. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап, пилотты режимде 4 университет негізінде интегральды GPA енгізілді. Оқытудың нәтижесі - академиялық, ғылыми-зерттеу және әлеуметтік GPA симбиозы болады. Бұл шара студенттердің университеттердегі стартап-жобаларға, жобалық, ғылыми-зерттеу, спорттық, әлеуметтік және волонтерлік жұмыстарына қатысуына ықпал етеді», - деді Қуаныш Ерғалиев.
Еліміздегі университеттердің кадрлық және зерттеу әлеуетін арттыру мақсатында Сингапур мысалында дарынды басқарудың (talent management) тоғысқан саясаты енгізіледі. Бұл бағытта өткен аптада Қазақстанның тәуелсіз Директорлар қауымдастығы QID- мен меморандумға қол қойды.
«Топ-менеджерлер мен қызметкерлер үшін кәсіби даму бағдарламасын, тағылымдамалар мен форсайт-сессияларын бастауды жоспарлап отырмыз. Назарбаев университетімен бірлесіп,жоғары оқу орындарының топ-менеджерлерін, сондай-ақ орта буын менеджерлерін даярлау және қайта даярлау бағдарламасы әзірленетін болады. Нәтижесінде, университеттер негізінде кадрлық резерв құрылады. Ғылымды қолдау мен интеллектуалды әлеуетті дамыту үшін Отандық 20 бәсекеге қабілетті университеттер негізінде Академиялық артықшылық орталықтарын құру жобасын жүзеге асырылуы жоспарлануда», - деді Ерғалиев.
Сондай-ақ, университеттердің ғылыми-зерттеу бағытын трансформациялау бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Нақтырақ айтқанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетеріне зерттеу университеті мәртебесін беру туралы қаулылар қабылданды, ендігі кезекте Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан университеті бойынша да осындай жұмыстар жүргізілуде.
«Бұл шара университеттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін көтеруге ықпал етеді, ғылыми жобалардың коммерциализацияландыруын және де халықаралық басылымдардағы ғылыми жарияланымдар деңгейін арттырады», - дейді вице-министр.
Елімізде біртіндеп шетелдік университеттердің филиалдары көбейіп келеді. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде МИФИ және С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті негізінде Губкин атындағы РМУ филиалдары ашылды.
«Қазіргі уақытта М.Қозыбаев атындағы Солтүстік-Қазақстан университеті негізінде Аризона Университетімен екі диплом бағдарламасы және бірлескен халықаралық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Хериот Ват университетімен (Ұлыбритания) Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университет арасында келісім бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Шәкәрім университеті мен І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті негіздерінде филиалдарды ашу сұрағы пысықталды. Алыс шетелдегі алдыңғы қатарлы университеттердегі шетелдік эксперттерді оқытушылық қызметке тарту жоспарланып отыр», - деді вице-министр.
Ғылым және жоғары білім вице-министрлігі Бірыңғай Орталық Азия жоғары білім кеңістігін құруға бастамашылық жасап отыр.
«Өткен жылы Орталық Азия мемлекеттерінің Білім министрлерінің конференциясын өткіздік, нәтижесінде бірыңғай кеңістік құру декларациясы қабылданды. Ыңтымақтастықты және академиялық алмастыруды нығайту үшін осы жылдың мамыр айында Ректорлар форумын өткіздік, нәтижесінде Орталық Азия мемлекеттерінің университеттер Альянсы құрылды. Қазақстандық платформада тұрақты жұмыс істейтін Орталық Азиядағы жоғарғы білім кеңістігінің Бюросын құру қолға алынды. Бұл барлық бастамалар Қазақстанның Болон үрдісінде тең төрағалық шеңберінде айтылды», - деді Қуаныш Ерғалиев.
Айта кетерлігі, Азия мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы университеттер рейтингісінде Қазақстанның 32 университеті үздіктер қатарына кірді. Олардың ішінде, 2 отандық университет (ҚазҰУ және ЕҰУ) топ-100- ке кірді.
Айжан Жанатқызы