Семейде Шоқан Уәлихановтың Әлімбай атануына байланысты аңыз туған үй сақталған
Ол бүгінде Абай мен Тоқай есімдерімен аталатын екі көшенің қиылысында тұр
Семейде Шоқан Уәлихановтың Әлімбай атануына байланысты аңыз туған үй сақталған. Осы жерге Федор Достоевский екеуі бірге келген. Қазір ол үй Абай мен Тоқай есімдерімен аталатын екі көшенің қиылысында тұр.
1858 жылы жас офицер Уәлихановтың алдына өте күрделі міндет қойылды. Шығыс Түркістан деп аталған жерлерде (қазіргі ҚХР ШҰАР территориясы) Цин патшалығының билігіне наразы болғандардың ауқымды көтерілісі басталды.
Қашқар қаласында көтеріліс жаншылып, қала қақпасының алдында өлім жазасына кесілген адамдардың бастары шаншылған қазықтар пайда болды. Уәлихановқа осы «ыстық нүктеге» барып, сол аймақтағы жағдай туралы сенімді ақпарат алуды, сондай-ақ мүмкіндігінше сауда жолдарын зерттеуді ұсынды.
Тек, шетелдіктер үшін жабық қалаға қалай кіруге болатындығы түсініксіз болды. Сауда жүргізудегі қысымы үшін жұртшылық Бұқаш (Бычок) деп атайтын семейлік көпес Мир-Құрбан Аюпов бұл іске көмектесуге бел буды.
Бұқаштың есіне осыдан 15 жыл бұрын бір саудагердің әйелі мен Әлімбай атты жас ұлын алып, Қашқардан Семейге шыққаны, көп ұзамай Саратовқа кетіп, көзден таса болғаны түседі.
Бұқаш оның Қашқарға қайтып оралмағандығын білетін, ал, бала Әлімбай ол кезде шамамен 17 жасқа толуы керек еді. 22 жасар Шоқанды жоғалған қашқарлық бала деуге әбден болатын еді. Сонымен, Бұқашқа Әлімбайдың атын жамылған Уәлихановты Қашқарға жіберу туралы ой келеді.
Саудагер өз қаржысына Шоқанға 101 түйе мен 65 жылқыдан тұратын, құны 18 545 күміс сомдық тауар тиеген керуен жинап береді.
Бұл өте қиын сапар болды. Бірақ, Бұқаштың бұл ойының қаншалықты сәтті болғаны Қашқарға жеткенде белгілі болды. Қиялдан туған Әлімбайды көптеген туыстары қарсы алды. Уәлихановтың осы қалада өткізген қысы оның қайта оралуына арналған той-томалақпен өтті. Шоқан бұл уақытта ештеңені қалт жібермеді, өйткені бұл сапар түрлі ақпарат алуға үлкен мүмкіндік болды. Кейін Уәлиханов әртүрлі тап, ұлт, білімді адамдармен кездесіп, барлығын мұқият тыңдап, кейін олардың қала, сауда, саяси жағдай туралы әңгімелерін тексеріп, салыстырғандығын жазды.
Осы тәуекелді экспедиция аяқталғаннан кейін-ақ, семейлік көпес Бұқаш «Еңбекқорлығы үшін» алтын медалімен марапатталды. Ал ол тұрған үй әлі күнге дейін сақталып, бүгінде Абай мен Тоқай есімдерімен аталатын екі көшенің қиылысында тұр.
Дәл осы үйде Шоқан Уәлихановтың аңызға айналған сапарына септігі тиген Әлімбай туралы аңыз туған. Осы жерге Федор Достоевский екеуі бірге келген.