Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 88 ардагері әлі баспана кезегінде тұр – депутат
Оның айтуынша, 2015 жылы-ақ барлық ардагер баспаналы болған
Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 88 ардагері әлі баспана кезегінде тұр. Бұл туралы Парламент Сенатында өткен Үкімет сағатында депутат Серік Шайдаров мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Депутат бұл жағдайды парадокс деп атады. Оның айтуынша, 2015 жылы барлық ардагер баспаналы болды хабарланған.
«Ардагерлердің көпшілігі ғасырлық мерейтойына жақындап қалды. Жедел шара қолданбаса, олардың көпшілігіне баспана алу орындалмас арман болып қала бермек», - деді Серік Шайдаров.
Ол бүгінде елімізде 148 мыңнан астам толық емес отбасы баспанаға мұқтаж екенін, оның 60 пайызының табысы 1 күнкөріс минимумына жетпейтінін айтты.
«Ондай отбасылардың көпшілігі үшін тұрғын үй алуға берілетін жылдық 5% несиенің өзі үлкен ауыртпалыққа айналып отыр.Сондықтан уәкілетті мемлекеттік органдар бұл мәселені жан-жақты зерттеп, шын мәнінде тұрғын үйге мұқтаж әрі толық емес отбасыларға арналған жылдық 2%-бен несиелік баспана алу механизмін анықтауы керек деп ойлаймын. Халықтың осы санатын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша қолданыстағы бағдарламаларға өзгерістер енгізу қажет», - деді депутат.