СҚО-да ауыл тұрғындары улы суды тұтынуға мәжбүр

Билік өкілдерінің берген уәдесінен шаршаған халық шамасы келгенше есік алдынан құдық қазып алған

СҚО-да ауыл тұрғындары улы суды тұтынуға мәжбүр

Солтүстік Қазақстандағы Қызылжар ауданы Соколовка ауылының халқы жарты ғасырдан бері  сапалы ауыз суды күтумен келеді. Билік өкілдерінің берген уәдесінен шаршаған көпшілік шамасы келгенше есік алдынан құдық қазып алған. Алайда, тексерген кезде құрамынан мәйіт бұзылғанда бөлінетін у табылған. Соған қарамастан тұрғындар суды шаруашылыққа пайдалануға мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Облыс орталығынан небәрі 40 шақырым қашықтықта орналасқан Соколовка ауылы тұрғындарының сапалы ауыз суды күткеніне жарты ғасырдан астам уақыт болған. Елдімекенде 2,5 мың адам бар. Кейбіреуі есік алдынан құдық қазып алған. Жер астынан шығып жатқан су шаруашылыққа пайдалануға да келмейді. Бірақ басқа амал жоқ. Сергей Нечаев осы ауылдың тумасы. Ес білгелі таза су көрмегенін айтады.

«50 жылда көп нәрсе өзгерді. Жалпы алғанда тұрғындардың тұрмысы жақсарды. Бірақ біздің ауылдағы су мәселесі сол күйінде қалып отыр. Тіршілік нәрін Есіл өзенінен сорғымен тартқан кездер де болды. Бірақ оның суы ішуге жарамсыз. Тұзы тым көп. Есік алдындағы құдықтан шыққан су лай болады. Бір ретте 200-300 литр береді. Оны бірнеше рет сүзгіден өткіземіз. Соның өзінде шәйнектің іші қаққа толып қала береді. Оны ішкен адамның асқазаны не болды?  Оған шүкір дейміз. Себебі, кейбірінің құдығынан мүлде ештеңе шықпады. Ал стадион жақта тұратындардың құдығынан шыққан судың құрамын тексергенде мәйіт бұзылғанда бөлінетін у табылды. Себебі ол жақта зират бар», - дейді ауыл тұрғыны. 

«ҚҰДЫҚТЫҢ СУЫНАН ЖЕМІС СОЛЫП ҚАЛАДЫ...»

Тозған су құбырының жалпы ұзындығы 12 шақырымнан сәл асады, төрттен бірі 70-ші жылдары салынған. Оның өзі елдімекеннің жартысын ғана қамтиды.

«Өзіміз құдық қаздық. Бірақ оның суы не ішуге, не жеміс сурауға жарамайды. Суарсаң, бақшаға еккеніңнің барлығы солып қалады. Қалаға баратындар тіршілік нәрін сол жақтан әкеледі. Ауылда бірнеше жыл бұрын су мұнарасы орнатылған. Ол тым төмен. Суды соруға күші жетпейді. Соған үміттенген халық кір жуғыш автомат машинкалар, су жылытқыштар сатып алып қойды. Енді оның барлығы жай тұр», - дейді Соколовка ауылының тұрғыны Павел Немировский.

Ауылдық округ әкімінің айтуынша, 2013 жылы жаңа су тарату желілерін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Алайда, санитариялық қызмет мамандары Соколовканың дәл орталығында сібір жарасынан өлген малдардың көмілгенін анықтаған. Оның қайдан пайда болғанын ешкім түсіндіре алмай отыр. Осыдан кейін тұрғындардың ауылға сапалы ауыз су келеді деген соңғы үміті су сепкендей басылды.

«Бұл бір шақырым қашықтықта ешқандай қазу жұмыстарын жүргізуге болмайды дегенді білдіреді. Фактіні нақтылау үшін тиісті органдарға сұраным жолдадық. Сібір жарасынан өлген малдарды көметін орын болғаны нақтыланды», - дейді Соколов ауылдық округінің әкімі Виктор Азаров.

ВИНОГРАДОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ БАТПАҚТАН СУ ІШІП ОТЫР

Облыста Соколовка сияқты сапалы ауыз суға мұқтаж ауылдар көп. Виноградовка ауылының тұрғындары 20 жылдан бері көлдің суын ішуге мәжбүр. Былтыр қаржы бөлініп, құбыр тартыла бастағанымен, жұмыс аяқсыз қалды.

Республикалық қазынадан 6 млрд теңге бөлініп, 3 шақырым құбыр тартылғаннан кейін жұмыс тоқтап қалған. Сапалы ауыз суды күте-күте күдер үзген көпшілік ел іргесіндегі батпаққа айнала бастаған көлді жағалауға мәжбүр.

«Қыс бойы суат ойылады. Менің мұзды тесуге шамам жоқ. Сондықтан, таңертең ер адамдар келіп су алғанша күтемін. Көктем, күзде жер саз болғанда фляга сүйремек түгілі, өзіміз жүре алмай қаламыз. Азаппен күн көріп келеміз. Бізде ешкімнің шаруасы жоқ», - дейді ауыл тұрғыны Светлана Гришина.

Әркім суды шамасы келген әдіспен тасиды. Солардың бірі - Клавдия Акимова. Күйеуі онкологиялық диспансерде есепте тұр. Қатерлі дертке шалдығып, бір бүйрегінен айрылған.

«Қоқым көп шығады. Суды сүзіп қана ішеміз. Осыдан басқа тіршілік нәрі жоқ. Денсаулыққа зиян келіп жатыр. Бірақ біздің басқа барар жеріміз жоқ», - дейді Клавдия Акимова.

Ауылда 500 адам бар. Тұрғындардың айтуынша, соңғы жылдары онкологиялық ауруларға шалдыққандар саны артқан. Көпшілік оны сапасыз ауыз судан көреді. Жаңа су құбырына бөлінген қаржының 10 пайызы ғана игерілді. Жобаға тапсырыс беруші – Су ресурстары комитеті. Мемлекеттік мекеме «Қазбайлық-Астана» компаниясымен келісімшартты бұзған. Оған жұмыстың сапасыз әрі баяу жүргізілуі себеп. Жобалық-сметалық құжаттарда да олқылықтар анықталып, түзетулер енгізілген.

«Жобаның аяқтаулы 2024 жылға жоспарланған. Құбырдың жалпы ұзындығы 118 шақырым болады. Нәтижесінде 16 ауылда су құбырларының жағдайын жақсартуға мүмкіндік туады» - дейді Су ресурстары комитетінің баспасөз хатшысы Ақылжан Қартбаев.

Сапалы ауыз су – өңірдегі өзекті мәселелердің бірі. Солтүстік Қазақстанда 226 ауыл тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. Таза сумен қамтылмаған елдімекендерде облыс халқының 26 пайызы тұрады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.