Жітіқарада арзан бағада азық-түлік сататын әлеуметтік базар ашылды
Қостанай облысына қарасты Жітіқара ауданында тұрғындарға арзан бағада азық-түлік пен жеміс-жидек сататын әлеуметтік базар ашылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, аудан орталығына коммуналдық базар ауадай қажет болған. Сауда кешенінің ашылуы, біріншіден, бағаның тоқтаусыз өсуіне тосқауыл болған. Екіншіден, ауылдағы шаруаларға тым қолайлы болып отыр. Олар қажеттілік туындағандықтан, бір орынға небәрі 500 теңгеден төлеп, жазда салқын, қыста жылы жерде өнімін өткізе алады. Үшіншіден, әлеуметтік базар әлеуметке арзан бағамен азық-түлік, көкөніс, басқа да түрлі тауар ұсынып отыр. Аудан деңгейіндегі аталған оң өзгерістер көңілінен шыққан тұрғындар да айрықша қуанышғанын айтады.
«Ауылдық жерде тұратын халықтың мұң-мұқтажы ескеріліп, әлеуметтік базардың ашылғанына бәріміз қуанып отырмыз. Әсіресе азық-түлік бағасының біршама арзан болғаны қуантады. Азын-аулақ өндірген өніміміз бен ет-майымызды аз ғана ақша төлеп, базарда сата алатын болдық. Қалай болғанда да, халықтың тұрмыс-тіршілігін түзеуге бағытталған осындай іс-шаралар көбейе берсе екен тілейміз», - дейді базардағы тұрғындар.
Бүгінде коммуналдық сауда орны қалалық әкімдік еншісіне берілген.
Нысанды «Олжа» шаруа қожалығының жетекшісі Базылбек Жармұхамедов жалға алған. Оның айтуынша, бұл орындарда тек сауда-саттықтың адамдары ғана емес, ауданның кез келген тұрғыны өнімін сата алады.
«Ең бастысы, Жітіқарадағы коммуналдық базар демалыссыз күн сайын жұмыс істеп тұр. Мұның сыртында, айына екі рет ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып отырады», - дейді Базылбек Жармұхамедов.
Бұдан бөлек, бағаны тұрақты ұстау мақсатында тұрақтандыру қорының өнімдері де саудаға шығарылып жатыр.
Коммуналдық базардың коммуналдық қызметтер төлемін «Костанайские минералы» акционерлік қоғамы өзара ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде өтеп келеді.