Алматыдағы хайуанаттар бағының қызметкері «маймылдардың анасы» атанып кеткен
Қазір Алматы зообақта маймылдың 7 түрінен 39 бас бар
Алматыдағы хайуанаттар бағының қызметкері Шолпан Әбдібекованы әріптестері маймылдардың «анасы» атап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Оған негіз де жоқ емес. 27 жылдан бері табан аудармастан зообақта қызмет етіп жүрген Шолпанға маймылдар да әбден бауыр басып алған. Көрмесе, іздеп тұрады екен.
Зообаққа келген қарапайым алматылықтарға маймылдардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Олар көп аңның бірі ғана. Ал Шолпан Әбдібекова үшін ұзын құйрықты тіршілік иесінің әрқайсының өз аты, ерекшелігі бар. Әсіресе Паша есімді шимпанзенің орны бөлек. Маймылдың адам тәріздес түріне жататын оны Қазан қаласынан өзі барып алып келген. «Алғашқы кездесуде-ақ маған қолын созғанда жүрегім жібіп қоя берді» дейді Шолпан Әбдібекова.
«2016 жылы Қазан зообағына Пашаны көруге осы Томириске сай келе ме деп барған болатынмын. Танысуға барған кезде ол вольердің екі ортасынан қолын шығарып, мені құшақтап, сүйе бастады. Маған дейін оған қызмет жасап келгендер «Мынау бізді 5 минутта сатып кетті» деп жылады. Мен «Ол сатып кеткен жоқ, болашақтағы анасының кім болатынын сезіп, осылай қошемет көрсетіп жатыр» деп көңілдерін аулағандай болдым», - дейді Хайуанаттар бағы приматтар бөлімінің меңгерушісі Шолпан Әбдібекова.
Томирис деген аналық шимпанзені Шолпан үш айлығынан бастап үйіне алып кетіп, бағып, қатарға қосыпты. «Өз балам тұмауратып қалғанда маймылға жұқпасын деп баламды басқа үйге жібергенім бар» деп күліп еске алды ол. Маймылдар да Шолпанға бауыр басып алған. Көрген бетте, қуанып, ойнағысы келіп тұрады. «Аң болса да олардың да өз заңдылығы, жақсы қасиеттері бар» дейді маймылдардың бағушысы.
«Мысалы, бізде жапон макагі отыр. Олар отбасы болып отыр. Бірінші берілген тағамдардың бәрін қожайын жейді. Ол кезде балалар тырп етпей отырады. Анасы оларды жібермейді. Жеп болғаннан кейін барып, өзгелері жейді», - дейді Шолпан Әбдібекова.
Қанша жерден адамға жақын дегенмен, маймылдың да мінез көрсететін кезі болады екен. «Көңіл бөлмей қалсаң, қарсы шығады» дейді Шолпан.
Айта кетейік, қазір Алматы хайуанаттар бағында маймылдың 7 түрінен 39 бас бар.