Сенат Конституциялық сот туралы заңды қабылдады
Конституциялық сотқа Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де жүгіне алады

Әділет министрі Қанат Мусин Мәжіліс мақұлдаған «Коснтитуциялық сот туралы» заң жобасын Сенатта қорғады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында әзірленді. Заң жобасының мақсаты Конституциялық кеңесті Конституциялық сотқа айналдыру бөлігінде Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыру, мемлекеттің құқық қорғау институттарын күшейту және азаматтардың конституциялық бақылауға қолжетімділігін кеңейту», - деді Қанат Мусин.
Министр атағандай, Конституциялық сот еліміздің барлық аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган.
«Конституциялық соттың құзыретіне сайлау өткізудің дұрыстығы мәселелерін қарау, Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттарды олардың Конституцияға сәйкестігіне қарау, сондай-ақ Конституция нормаларына ресми түсініктеме беру жатады. Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайтын болады», - деді ол.
Сондай-ақ, Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституциялық сотқа жүгіну құқығын алды.
«Заң жобасында азамат дауласатын заңды немесе өзге нормативтік құқықтық актіні жалпы юрисдикция соты қолдануы не заңды күшіне енген сот актісі шығарылған нақты істе оның құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғауы тиіс деген жалпы ережені белгілеу ұсынылады», - деді ол.
Сенат отырысында депутаттар «Конституциялық сот туралы» заңды қабылдады.