Әлихан Смайылов Германияның сыртқы істер министрімен кездесті
Әлихан Смайылов сауда көлемін ұлғайту бойынша айтарлықтай әлеуетіміз бар екенін айтты
Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов елімізге жұмыс сапарымен келген Германияның сыртқы істер министрі Анналена Бербокпен кездесті. Бұл туралы Azattyq Ruhy ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тараптар өзара тауар айналымын кеңейту, жаңартылатын энергия көздері мен логистикалық инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық әріптестік мәселелерін талқылады, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша әңгіме өрбітті.
Премьер-Министр Германия Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Осыған байланысты Астана әлемдік экономикадағы жағымсыз факторларға қарамастан, Берлинмен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін сақтап, әрі қарай нығайтуға ниетті.
Әлихан Смайыловтың мәлімдеуінше, өткен жылы Қазақстан экономикасына тікелей неміс инвестицияларының көлемі 25%-ға артып, $320 млн-нан асты. Сондай-ақ өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы да 6%-дан астамға өсіп, $2,2 млрд-ты құрады. Биыл да бұл көрсеткіштер өсіп келеді.
«Инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және өзара сауда көлемін ұлғайту бойынша айтарлықтай әлеуетіміз бар», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесі ретінде жалпы қуаты 45 ГВт жел және күн электр станциялары мен «жасыл» сутегі өндіретін энергетикалық кешен салу бойынша жоспарланған жобаларды айтуға болады.
«Бүгінгі таңда бұл – әлемдегі ірі жоба, алайда Қазақстан бұл жобамен шектеліп қалмайды. Еліміздің әлемдік масштабта “жасыл” сутегі өндірісінің жетекші орталықтарының қатарына кіру үшін барлық мүмкіндіктері бар деп санаймын», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр неміс тарабының Астанада Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының қамқорлығымен Сутегі дипломатиясы кеңсесін ашу бастамасының маңызын атап өтті.
«Ол екі елдің үкіметтік және сараптамалық топтары арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға зор үлес қосатынына сенімдімін», — деді Әлихан Смайылов.
Оған қоса, Премьер-Министр Германия СІМ басшысына Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың ауқымды бағдарламасы туралы айтып берді.
Өз кезегінде Анналена Бербок Қазақстанның соңғы жылдары экономикалық және қоғамдық-саяси салалардағы елеулі прогресін атап өтті.
Ол Қазақстан мен Германияның көптеген бағыт бойынша, соның ішінде энергетика мен өнеркәсіпте экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі дамыту бойынша зор әлеуеті бар екенін айтты.
«Екі тарапқа да тиімді болуы үшін экономикалық қатынастарды тең дәрежеде дамыту маңызды деп санаймыз», — деді А. Бербок.
Сондай-ақ Германия СІМ басшысы экономиканың түрлі салалары үшін кадрларды кәсіби даярлау бойынша өзара іс-қимылды тереңдетуге шақырды.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар барлық басым бағыттар бойынша кешенді ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендерін білдірді.