Ақмола полицейлері Қызыл кітапқа енген қос аққуды атқан аңшыны ұстады
Полицейлер аймақта суда жүзетін құстарды аулауға тыйым салынғанын ескертеді
Ақмола полицейлері Қызыл кітапқа енген қос аққуды атқан аңшыны ұстады. Қылмыс 29 қазанда “Браконьер” жедел алдын алу іс-шарасы барысында анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұланды аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторларымен Журавлев ауылдық округінің аумағында рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде 67 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы “ИЖ-Юпитер 5” мотоциклі тоқтатылды. Құжаттар мен көлік құралын тексеру кезінде полицейлер мотоцикл арбасынан екі кликун – аққудың ұшасы және 12 калибрлі “ТОЗ 34” тегіс ұңғылы аңшылық мылтығын тапты.
Айта кету керек, қару ІІО-да тіркелген, сонымен қатар ауыл тұрғынының тиісті аңшы куәлігі бар. Ақмолалықтың айтуынша, Қызыл кітапқа енгізілген аққуларды атуға тыйым салынғанын ол білген, алайда құстарды көргеннен кейін оларды атып өлтірген.
Бұл факт ҚР ҚК-нің 337-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді (Заңсыз аң аулау). Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Полицейлер аймақта суда жүзетін құстарды аулауға тыйым салынғанын ескертеді.
Кликун – аққу саны азайып бара жатқан түр ретінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.