Түркияда қазақстандық студент бірнеше күннен бері іздестіріліп жатыр
21 жастағы Рауан Дарханұлы Измирде оқып жүрген
Түркияда із-түзсіз жоғалып кеткен қазақстандық студент бірнеше күннен бері іздестіріліп жатыр. Бұл туралы қазақстандық студенттің жақындары отандық БАҚ-қа мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазақстандық студент Измирдегі «Dokuz Eylul University» университетінде білім алған.
Жоғалған студенттің туыстары айтқандай, ол курстастарымен 2022 жылдың 22 қазанында кешкісін жергілікті мекемеде кешкі ас ішу үшін университет қалашығынан шыққан. Рауанның курстастарының айтуынша, олар мекемеден шыққан кезде Рауан смартфонының жоғалғанын біліп, ғимаратқа қайта кірген, бірақ ол жақтан қайтып оралмаған.
Арада аз уақыт өткеннен кейін курстастары оның артынан барғанмен, Рауанды таппай, кампусқа қайтқан. Рауан сол күйі оралмаған.
«Келесі күні бұл жігіттер кешкі ас ішкен жерге қайта барып, Рауанның смартфонын сол жерден тауып алған. Рауанның анасы Раушан Ноғайбаева университет басшылығына және Измир полициясына жүгінген. Оған полицияның іздеп жатқанын айтты», - деп хабарлады студенттің туысы.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, ақпарат әзірге тексеріліп жатыр.