Қазақстанның 9 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Синоптиктердің болжамынша бірқатар өңірде қар жауып, бұрқасын болады
Қазгидромет ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстанның тоғыз өңірінде ескерту жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ұлытау облысының солтүстігінде, орталығында солтүстік-батыстан жел соғып, екпіні 15-20 м/с-ке жетеді. Жезқазғанда 23 қазанда түнде солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 18 м/с болады.
Қызылорда облысында солтүстік-шығыстан жел соғады, түнде облыс орталығында күші 15-20 м/с сақталады.
Ақмола облысының солтүстігінде қар жауады. Облыстың солтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын, көктайғақ, тұман болады. Солтүстік-батыстан, батыстан жел соғады. Түнде облыстың басым бөлігінде желдің жылдамдығы секундына 15-20, облыстың оңтүстік-шығысында екпіні 25 м/с-ке жетеді, күндіз облыстың солтүстігінде, оңтүстік-шығысында екпіні 15-20 м/с болады.
Көкшетауда түнде қар, жаяу бұрқасын, көктайғақ, тұман болады. Солтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, күші 15-20 м/с.
Ақтөбе облысының батысында, солтүстігінде, шығысында тұман түседі. Желдің бағыты солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа ауысады, түнде облыстың орталығында, оңтүстігінде, шығысында екпіні 16 м/с жылдамдықпен жел тұрады.
Абай облысының солтүстігінде, оңтүстік-батысында, орталығында оңтүстік-батыстан соғатын желдің күші 15-20, екпіні 23-28 м/с дейін жетеді. Семейде оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында көктайғақ, бұрқасын болады. Жел оңтүстік-батыстан соғады, облыстың солтүстігінде, шығысында 15-20, екпіні 25 м/с дейін жетеді. Өскеменде оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, батысында тұман түседі. Оралда түнде және таңертең тұман түседі.
Жетісу облысының таулы аудандарында жауын-шашын болады.
Павлодар облысында түнде көктайғақ болады. Батыстан жел соғады, күші 15-20м/с түнде аймақтың басым бөлігінде, ал күндіз облыстың оңтүстігінде, шығысында екпіні 23-28 м/с дейін жетеді деп күтіледі. Павлодарда батыстан жел соғады, күші 15-20 м/с, түнде және таңертең екпіні 23 м/с болады.
Астанада күндіз көктайғақ күтіледі. Солтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, түнде және таңертең екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.