Түркістан облысында көлік өртеніп, жүргізушісі қаза болды
Ал бір жолаушы ауруханаға жатқызылды
Түркістан облысында жол апатына ұшыраған көлік өртеніп, жүргізуші ажал құшты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы аудандық полиция бөліміне 20 қазан сағат 10:51 шамасында Шымкент – Самара тас жолында жол апаты болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Ақпарат алысымен оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты
Анықталғандай, Nissan Elgrand автокөлігінің жүргізушісі Түркістан қаласына қарай бағытта келе жатып, өзімен бір бағытта қозғалып бара жатқан Merсedes Bens жүк көлігіне, одан соң жол ортасындағы қоршауға соқтығысқан. Көлік сол жерде өртенген. Салдарынан Nissan Caravan Elgrand көлігінің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Ал бір жолаушы ауруханаға жатқызылды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 345-бабы (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тіркелді. Сараптамалар тағайындалды. Екі автокөлік айыптұраққа қойылды. Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жол апатының толық мән-жайы анықталуда.