Антикор Семей машина жасау зауыты басшысының кабинетіне қатысты видеоға түсінік берді
Видеодан директор кабинетіндегі сөренің арғы жағына бильярд бөлмесі салынғанын көруге болады
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі желіде тараған Семей машина жасау зауыты басшысының кабинетіне қатысты видеоға түсінік берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биылғы 19 қазанда бұқаралық ақпарат құралдарында «Семей машина жасау зауыты» АҚ директорының кабинетінің видеожазбасы жарияланды. Бейнежазбаны «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ басшысы Т.К. Әбдірахманов түсірген. Семей машина жасау зауыты «Қазақстан инжиниринг «Ұлттық компаниясы» АҚ-ның қарамағындағы зауыт болып табылады. «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы ұсынған ақпаратқа сәйкес, кәсіпорынның 2015 жылдан бері жинақталған шығыны шамамен 1,9 млрд теңгені құрайды, ал кредиторлық берешектің өсуі 3 млрд теңгеден асты. Осы жылдың ақпан айынан бастап зауытқа қатысты сот шешімімен 5 жыл мерзімге оңалту рәсімі қолданылды. Кредиторлар комитетінің шешімі бойынша биылғы 25 қазаннан бастап зауытта аудит басталады. Қазіргі уақытта осы фактілер бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ешқандай материалдар мен өтініштер түскен жоқ», - делінген мәліметте.
Бұл ретте, атап өтілгендей, оңалту және банкроттық кезіндегі заңсыз әрекеттермен, сондай-ақ қасақана банкроттықпен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтармен Экономикалық тергеу қызметі айналысады.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Семей машина жасау зауыты басшысының кабинетінен түсірілген видео тараған болатын. Онда директор кабинетіндегі сөренің арғы жағына бильярд бөлмесі салынғанын көруге болады.