Қазақстанда тағы бір ислам банкі ашылуы мүмкін

Оның қашан ашылатынына қатысты мәселе қазіргі уақытта талқыланып жатыр

Қазақстанда тағы бір ислам банкі ашылуы мүмкін
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда тағы бір ислам банкі ашылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Ақордада Сауда және интеграциялар министрі Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Жұманғариннің айтуынша, қазір Қазақстан мен Қатар арасындағы сауда айналым көлемі төмен, бірақ, оны еселеп өсіру үшін екі елдің де әлеуеті бар. Бүгін Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында екі тарап метрология және сертификация саласы мен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімшарттарға қол қоймақ.

«Парсы аймағында орналасқан Қатар – күрделі мемлекет. Себебі бір терезе сияқты. Біріншіден, өте бай мемлекет. Қарым-қатынасымыз бұрыннан жақсы. Бүгін екі шартқа қол қоямыз. Біріншісі, метрология мен сертификация жөнінде. Ол ертең біздің тауарларға жол ашады. Екіншісі сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы. Ол ертең сауда-экономикалық қарым-қатынасымызға құқықтық база қалыптастыратын келісімшарт. Қазір тауар айналымыз өте төмен. Тек 3 млн доллар. Бірақ біз қазіргі уақытта экспорттық мүмкіндігімізді 70 млн долларға дейін жеткізуге болатынын есептедік», - деді Серік Жұманғарин президенттердің кездесуінен бұрын журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, Қатар Қазақстанда өз банкінің бөлімшесін ашуы мүмкін.

«Masraf –  ислам банкі. Өздеріңіз білетіндей, олардың қызметі ерекше. Несиеге пайыз қоспайды. Оның қашан ашылатынына қатысты мәселе қазіргі уақытта талқыланып жатыр», - деді С. Жұманғарин.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.