ШҚО-да орман өртінен келген шығын 1 млрд теңгеден асты
Қыркүйектегі орман өрттерінің жалпы ауданы 11 мың гектардан астам аумақты құрады
Арнайы комиссия 2 қыркүйек пен 7 қыркүйек аралығында өңірде болған 5 ірі орман өртіне қызметтік тексеру жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Yk-news.kz порталының жазуынша, тергеу нәтижелері өрттің негізгі себебі ауа райының қолайсыздығы болғанын анықтаған.
«Қатты екпінді жел мен құрғақ әрі ыстық ауа райы өрт шығуына себеп болған. Ал өрттің тез таралуына аяқ жетуі қиын таулы жер, өрт ошағына жақын жерде су көздерінің болмауыбасты себеп болған», - деп хабарлады ШҚО орман инспекциясынан.
Ведомство өкілдері өрттің ықтимал себептеріне ауыл шаруашылығы техникасын ұқыпсыз пайдалану, сондай-ақ тұрмыстық қоқыстардың тұтануы да кіруі мүмкін деп болжайды. Нақты себебін анықтау үшін барлық материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.
Айта кетсек, қыркүйек айында болған орман өрттерінің жалпы ауданы 11 139,6 гектарды құрады, оның 6 569,7 гектары – орманды алқаптар. Өрттен келген шығын 1 миллиард теңгеден асты. Өртті сөндіруге 31 186 000 теңге жұмсалған.