Қызылордада мемлекеттік қызметшілер субсидия қаржысын жымқырған
Соның салдарынан мемлекетке 22 млн.теңгеден аса шығын келген
Қызылордада ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы мен маманы инвестициялық субсидия қаражатын жымқырған. Облыстық соттың мәліметінше, олар 14 шаруа қожалықта атқарылмаған жұмыстарға көз жұма қараған. Бұл туралы Azattyq Ruhy astanatv-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Жалған электронды құжаттарды ақпараттық бағдарламаға енгізген. Соның салдарынан мемлекетке 22 млн.теңгеден аса шығын келген. Міндеттеріне ұқыпсыз қараған басқарманың қос қызметкеріне 2 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар олар 3 жыл көлемінде лауазымды қызметтерді атқарудан шеттетілген.
«Мемлекетке оның 12 млн. 800 мың теңгесі 8 шаруа қожалық бойынша кері қайтарылған. Алайда, 9 млн. 600 мың теңгесі өндірілмеген. Бұлардың жасаған қылмыстары ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңының талабына сәйкес, ол заң, аталған бап, мұндай жасалған қылмыстар бойынша қолданылу көзделген», - деді Қызылорда қалалық №2 сотының судьясы Ермек Құтыбаев.