Президенттікке үміткер Нұрлан Әуесбаев мемлекеттік тілден емтихан тапсырды

Azattyq Rýhy

Оның қазақ тілін еркін меңгергені туралы шешім қабылданды

Президенттікке үміткер Нұрлан Әуесбаев мемлекеттік тілден емтихан тапсырды
Фото: ашық дереккөзден

Президент сайлауына үміткеркерлердің бірі Нұрлан Әуесбаев мемлекеттік тілді білуі бойынша емтихан тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Лингвистикалық комиссия кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін үш бағыт бойынша анықтады:

-  шығарма жазу;

- қазақ әдебиеті классиктерінің шығармасынан үзінді оқу;

- кандидаттың таңдаған тақырыбына көпшілік алдында сөз сөйлеуі.

Отырыстың қорытындысын Лингвистикалық комиссияның төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов баяндады.

Кандидат «Түркістан – ер түріктің бесігі» тақырыбына шығарма жазды. Жазба жұмысы мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Екінші тапсырма бойынша Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» романынан ауызша үзінді оқыды. Үшінші тапсырма бойынша «Ана тілім – асыл қазынам» тақырыбына ойын ауызша баяндады.

«Емтихан қорытындысы бойынша Лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгергені туралы ашық дауыспен бірауыздан шешім қабылдады», - делінген ОС хабарламасында.

Еске салсақ, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Орталық сайлау комиссиясына құжат ұсынған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.