$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бір үйдің құны 18 млн теңге». Қостанай облысында өрттен кейін қандай үйлер салынып жатыр

Әулиекөл ауданында бір айда 91 үйдің шатыры мен қаңқасы салынып бітті

«Бір үйдің құны 18 млн теңге». Қостанай облысында өрттен кейін қандай үйлер салынып жатыр

Бүгін әлеуметтік желіде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов облыста бір ай бұрын құрылысы басталған үйлердің суреті мен осы бір айда салынған үйлердің суретін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қыркүйектің сегізі күні иен далада бірнеше техника тұрған жерге қаз-қатар тізілген, көк шатырлы жүзге тарта үй салынған сурет көптің назарын аударды.

Azattyq Ruhy тілшісі облыста осы үйлердің құрылысына жауапты тұлғалармен тілдесіп, үйлердің сапасы, құны мен құрылыс барысы туралы сұраған болатын.

«Әулиекөл ауданында өрттен зардап шеккен халыққа арнап Бірлік шағынауданында 91 үй салынды. Үйлер бір типтес, аумағы 100 шаршы метр, төрт бөлмеден тұрады. Әрбір үйдің алдында 10 сотық жері бар», - деді бізге телефон арқылы сұхбат берген облыстық Құрылыс, архитектура және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов.

Ол айналдырған бір ай ішінде салынған бұл үйлердің сапасына қатысты пікір білдірді.

«Бір айда үйлердің қаңқасы мен шатыры салынды. Қазір үйлердің іші жөнделіп жатыр. Қабырғалары сырланып, есіктері салынып жатыр. Техникалық бақылау қызметтерінің 11 маманы бір айдан бері құрылыс аумағында қонып, құрылыс барысын бақылауда ұстап отыр. Ең басты мәселе, бір үйдің құрылысына негізі 12 адам тартылуы керек болса, бұл үйлердің құрылысына 20 адам тартылған. Сондықтан да тез салынып жатыр», - деді ол.

Оның айтуынша, бір үйдің құрылысына 18 млн 300 мың теңге қаражат қарастырылған.

«Бір үйге 18 млн 300 мың теңге қаражат кетеді. Құрылысты барлығы 13 компания жүргізіп жатыр. Олардың барлығы – жергілікті компаниялар. Бұрын облыс бойынша коммерциялық және мемлекеттік нысандарды салған, тәжірибелі компаниялар», - деп сендірді ол.

Жалпы, Таңжарықовтың мәліметіне сүйенсек, қазір алты үй толық салынып біткен. Енді бір апта ішінде, яғни, 17 қазанға дейін тағы отыз бес үй, ал 24 қазанға қарай 91 үй түгел салынып бітеді деген жоспар бар.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 2 қыркүйегінде Қостанай облысының ормандарында өрт басталған еді. Өрттен бір адам қаза тауып, бірнеше елдімекен түгелдей жанып кеткен болатын.

Серіктес жаңалықтары