Қырғызстанда қанша қазақстандық дүнген жүр?
Олар көрші мемлекетке Қордай ауданында болған оқиғадан кейін барған
Бүгінде Қырғыз Республикасы аумағында 2 мыңға жуық қазақстандық дүнген жүр. Олардың көпшілігі Чуй облысының Токмок қаласындағы туыстары мен таныстарының, сондай-ақ оларға қол ұшын созған адамдардың үйінде тұрып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Токмок қаласының мешітінде бесінші күн қатарынан түскі асқа деп 60 келі күріш пісіріледі. Жексенбіден бастап қазақстандықтар үйіне қайта бастағандықтан, ыстық тамақ қажет ететіндердің қатары да азайған.
Токмок қаласында жүрген қазақстандық дүнгендер Қырғызстан аумағына Қордайдағы жанжалдан кейін барған. Бұл қалада Қырғызстандағы дүнген ұлтының өкілдері тұрады. Көпшілігінің мұнда туыстары мен таныстары бар. Қазақстаннан адамдар легі келе бастағанда қалада тек тамақ емес, киім-кешек, гигиеналық заттар мен көрпе-жастықтар да таратылған.
«Такси жүргізушілері тегін қызмет көрсетіп жүр. Қазақстаннан келгендердің ешбірі камераға да, жергілікті халыққа да көрінгісі келмейді. Өздерінің қауіпсіздігіне алаңдағандықтан, олар уақытша туыстарының үйін паналауды жөн көрген», - дейді Токмак тұрғыны Тахир Арлиев.