Соңғы 5 жылда ҚТЖ лауазымды тұлғаларына қатысты 136 қылмыстық іс тіркелген

Azattyq Rýhy

Бұл саладағы қылмыстардың көпшілігі парақорлық және ұрлық фактілеріне байланысты

Соңғы 5 жылда ҚТЖ лауазымды тұлғаларына қатысты 136 қылмыстық іс тіркелген
Фото ашық дереккөзден

«Қазақстан темір жолы», «Атамекен» ҰКП өкілдерінің, қоғамдық кеңес мүшелерінің және жүк жөнелтушілердің қатысуымен өткен кеңес барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қазақстан темір жолы» қызметінде анықталған жемқорлық тәуекелдері туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олар вагондарды беру кезіндегі әкімшілік кедергілермен және жемқорлық схемаларымен, тиісті цифрландырудың болмауымен, теміржолшылардың кәсіпкерлермен тікелей байланысымен, қағаз нысанда өтінімдер берумен және т.б. байланысты болған.

Анықталған жемқорлық тәуекелдерін қылмыстық статистика да растады.

Мәселен, соңғы 5 жылда ҚТЖ лауазымды тұлғалары мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарына қатысты 136 қылмыстық іс тіркелген. Олар бойынша 52 адам сотталды. Бұл саладағы қылмыстардың көпшілігі парақорлық (70%) және ұрлық (13%) фактілеріне байланысты.

Негізінен қылмыстар орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою кезінде заңсыз сыйақы алумен, жұмысқа қабылдаумен және қызмет бойынша ауысумен, сондай-ақ жүктерді тасымалдау үшін вагондар мен тепловоздарды жеделдетіп және кедергісіз берумен байланысты.

Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов өз сөзінде жүргізілген талдауға сәйкес ҚТЖ жекелеген бөлімшелерінде вагондармен айла-шарғы жасау бойынша жемқорлық схемалары құрылғанын атап өтті.

Жасанды кедергілер мен оларды бөлудің жасырын процедурасына байланысты кәсіпкерлер өз мәселелерін ақша үшін бейресми түрде шешуге мәжбүр.

«Іс жүзінде пара берген адам өз жүктерін уақтылы жібереді. Бұған кәсіпкерлердің нақты дәлелдері бар және оны қылмыстық істердің нақты материалдарымен де расталған. Жақында ғана Қостанай облысы бойынша ҚТЖ бөлімшесінің басшылары сотталды, олар заңсыз сыйақы үшін вагондар беру жөніндегі қылмыстық схеманы ұйымдастырған», - деп атап өтті Д.Малахов.

Кеңес қорытындысы бойынша Малахов айтылған ұсынымдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қатаң бақылауында болатынын атап өтіп, ҚТЖ-ны осы мәселелерді дереу шешуге шақырды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.