Ресейдің элиталық бригадасы Лиманнан шегіну кезінде көп шығынға ұшырады
Шетел жаңалықтарына шолу

Ресейдің элиталық әскери құрамасының көп шығынға ұшырағаны белгілі болды. Бас штабтың бас дирекциясының 3-ші арнайы гвардиялық бригадасы Лиманнан шегіну кезінде кем дегенде, тоғыз адам қаза тапты және біреуі ауыр жараланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.
ВВС әлеуметтік желілерді зерттеп, қайтыс болған жауынгерлердің бірінің әпкесімен сөйлескен. Мұндай әскери құрамалар Кеңес заманынан бері ең маңызды әскери тапсырмаларға жіберіледі. Ресей армиясы Донецк облысындағы қаладан шегініп бара жатқанда, ресейлік үгіт-насихат құралдары Лиманды өзін-өзі жариялаған ЛНР-ден жұмылдырылған және аймақтарда құрылған «Барс» отрядтарынан ресейлік еріктілер қорғайтынын айтқан еді.
30 қыркүйек пен 1 қазанда «ВКонтакт» әлеуметтік желісінде бірқатар жазба пайда болған.
«Үшінші арнайы жасақтың түгі қалмады. Оларды ет тартқышқа лақтырды деуге болады. Олардың бірінің жасы небәрі 19-да еді. Сондай сымбатты жігіт еді. Менің бауырым Украина аумағында тапсырмаларды орындау кезінде ерлікпен қаза тапты. Мәңгілік есімізде, жүрегіміздің төрінде болады», «Мен үшін өте қайғылы жаңалық болды! Менің ағаларым, достарым, нағыз әріптестерім және жай ғана жақсы адамдар қаза тапты. Мен сені сағынатын боламын!», -делінген жазбаларда.
Ресей армиясының Донецк облысының Лиман қаласынан шегінуі ресми ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, оңай болған жоқ, ал қаланы тек Ресейден келген еріктілер немесе өзін-өзі жариялаған республикалардың жұмылдырылған тұрғындары ғана қорғауға тырысқан. Путин сол кезде ол жерді Ресей аумағы деп жариялады.
«8 адам қаза тауып, екеуі ауыр жарақат алды. Олардың бірі қайтыс болды, біреуі әлі тірі, бірақ өте ауыр. Бүкіл топ дерлік қайтыс болды. Жігіттер – нағыз батырлар. Бұл батырлардың енді жоқ екені өкінішті», - деді қаза тапқан әскери қызметшілердің бірінің әпкесі Би-би-си-ге берген сұхбатында.
Ол осылайша, Лиманнан шегіну кезінде Тольяттиден келген арнайы мақсаттағы 3-ші бөлімшенің жойылғанын растады.
«Барлығы тоғыз адам қаза тапты, екеуі жараланды», - деді тағы бір марқұмның әйелі.
Десантшылардың қайтыс болған орны мен оқиғаның мән-жайы туралы олардың туыстары толық ақпаратті әзірге білмейді. Мәліметтерді әр жерден алып отырғанын айтады.
«Мен бұл жігіттерді сол жерге «лақтырып» кеткенін білемін. Олар бір күн бойы шайқасты, бірақ қорғану мүмкін болмады. Менің ағам қайтыс болды, ол небәрі 21 жаста еді. Досы да қайтыс болды, оның жасы 19-да еді», - дейді марқұмның әпкесі.
Әскери қызметшілердің денелері үйге қашан оралады және жерлеу рәсімі қашан өтетінін марқұмдардың жақындары әлі білмейді.
«ЕГЕР БІРІКПЕСЕК, БІЗДІ БІР-БІРДЕН ӨЛТІРЕДІ!»: ИРАНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚҚА ЕНДІ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ҚОСЫЛДЫ
Иранның бірнеше қаласының мектеп оқушылары хиджабты «дұрыс» кимегені үшін азапталып көз жұмған Махса Аминидің өлімінен кейін елді шарпыған наразылықтарға қосылды.
Би-би-си Иран қалаларының біріндегі орта мектеп оқушыларының хиджабты жұлып алып, наразылық білдірушілер айтатырн ұрандарды қайталап, әлеуметтік желілерде жариялаған видеоларын жариялады.
Әлеуметтік желілерде Тегеранға жақын орналасқан Кередж қаласынан видео жарияланды. Онда хиджабсыз қыздар жергілікті шенеунікті мектептен қуып жібереді. Видеода қыздардың оны қашып кеткенінше бос бөтелкелермен төмпештеп ұрып жатқанын көруге болады.
Тағы бір видеода басқа мектеп оқушылары «Егер біз бірікпесек, бізді бір-бірден өлтіреді» деп айқайлап жатыр.
Иранның оңтүстігіндегі Ширазда дүйсенбіде ондаған мектеп оқушысы басты көшелердің бірін жауып, хиджабтарын желбіретіп, «Диктаторға өлім!» деп айқайлады. Бұл сөдіңз Иранның жоғарғы көшбасшысы Али Хаменеяға қатысты айтылғаны анық. Өйткені елдегі барлық саяси шешімді сол қабылдайды.
Фото: Twitter
ФИНЛЯНДИЯДА ЛЕНИННІҢ СОҢҒЫ ЕСКЕРТКІШІ ҚҰЛАТЫЛДЫ
Финляндияның шығысында Котка қаласында Владимир Ленинге арналған соңғы ескерткіш бөлшектелді. Кеңес басшысының бюсті 1979 жылы орнатылған. Эстондық мүсінші Матти Вариктің ескерткіші қала орталығында Ленин барған ғимараттардың жанына қойылған болатын.
Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты Финляндияда кеңестік мұраны сақтау қажеттілігі туралы даулар күшейе бастаған еді. Соңғы уақытта бюст бірнеше рет вандализмнің нысанасына да айналған.
«Бұл өте дұрыс. Менің ойымша, әлемдегі ең қатыгез үкіметтік жүйе — кеңестік коммунизмнің негізін қалаушының мүсіні көшелерден алынып тасталуы керек»,- дейді Котка қаласының тұрғыны Матти Лейккон.
Сондай-ақ қала құрылысының директоры ол ескерткіштің ешбір жақсы дүниені еске түсірмейтінін алға тартты.
«Көптеген адам үшін бұл мүсін белгілі бір дәрежеде маңызды болды. Бірақ оны көшеден алып тастағысы келетіндер саны өте көп. Өйткені ол Финляндия тарихындағы репрессия кезеңін еске салып тұрады», - деді ол.
Ескерткішті бөлшектеу туралы ұсыныс жазда қаралған. Мұны әкімшілік өкілдері мен жергілікті тұрғындар қалаған. Бұрын Лениннің Турку мен Хельсинкидегі мүсіндері де бөлшектелген.
Фото: Global Look Press