Қырым татарлары Қазақстандағы Украина елшілігінің алдында ұзын-сонар кезекке тұрды
Ресейде ішінара мобилизация жарияланған
4 қазан күні таңертең Астанадағы Украина елшілігінің жанында бірнеше сағаттық кезекте ондаған адам жиналды. Олар Украина азаматтығын алуға келген Қырым татарлары деп жазады Orda.kz.
Дереккөздің хабарлауынша, құжатын ауыстыруға келгендердің дені жас жігіттер. Арасында балалы әйелдер де болған. Олар журналистпен құлықсыз сөйлесіп, фотокамера объективіне түсуден бас тартқан.
«Біз украиналық құжат жасатқымыз келеді. Өйткені ресейлік төлқұжатпен ешқайда бара алмаймыз. Қазір мен мұнда уақытша тұрамын, мүмкін Қазақстанда уақытша тұруға өтініш беремін. Өзім 27 қыркүйекте келдім. Жол ауыр болды, шекарада кезекте ұзақ тұрдық. Екі күн тұруға тура келді. Өйткені сағатына бір ғана көлік өтті», - деді елшілікке келген Рамазан есімді азамат.
Адамдардың төлқұжаттарын ауыстыруға деген ұмтылысы түсінікті, бірақ мұның бәрін заңды түрде қалай рәсімдеу керек деген сұрақ туындайды. Заң бойынша алдымен бір елдің азаматтығынан бас тартып, содан кейін екіншісін алу керек. Елордалық заңгер Данияр Байғабатов жағдайды былай деп түсіндірді.
«Украина азаматтығын алу үшін алдымен өз азаматтығынан бас тарту керек. Өйткені Украинада қос азаматтық жоқ. Алайда, Ресей Федерациясы екі төлқұжатқа ие болуға мүмкіндік береді. Сондықтан олар техникалық жағынан украин құжаттарын ала алады. Бірақ мұнда Украина елшілігінің пікірін тыңдау керек», - деді Байғабатов.
Ресейде жартылай мобилизация жарияланғаннан кейін Қазақстанға 200 мыңнан астам ресейлік келген.