Астана әуежайында Ақтөбе ұшқалы тұрған екі адамды полиция кісендеп алып кетті
Олар заңды талаптарға бағынбаған

Астана-Ақтөбе бағытындағы ұшақтан екі жолаушы рейстен түсірілді. Олардың бірі 15 тәулікке қамауға алынса, екіншісіне айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға қалай болды?
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ақтөбенің 38 және 40 жастағы тұрғындары мас күйінде әуе көлігіне отырғызылу барысында экипаждың талаптарын орындамаған. Олар әдепсіз сөздер айтып, қызметкерлерге дөрекілік танытқан.
Полиция өкілдері құқық бұзушылардың заңды талаптарға бағынбағанын атап өтті. Оларды тыныштандыру үшін қолдарына кісен салынды.
Сот шешімі
Құқық бұзушыларға қатысты үш бап бойынша хаттама толтырылды:
- полиция қызметкерінің талабына бағынбау;
- ұсақ бұзақылық;
- қоғамдық орында мас күйінде жүру.
Нәтижесінде, сот шешімімен бір жолаушыға айыппұл салынды, ал екіншісі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Статистика
Жыл басынан бері көліктегі полиция қызметкерлері ұшақ бортында түрлі құқықбұзушылық жасаған 447 адамды жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде:
- 270-і – қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін,
- 120-сы – әуе кемесінде шылым шеккені үшін,
- 26-сы – ұсақ бұзақылық және басқа да тәртіпсіздіктер үшін.