Қазақстан мен Мальдив Республикасы арасында тұрақты авиарейстер қатынайды - ИИДМ
Уағдаластық әрбір тарап үшін аптасына 7 тұрақты рейсті орындау мүмкіндігін көздейді
Қазақстан мен Мальдив Республикасы арасында тұрақты авиарейстер қатынайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.
«Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) ассамблеясының 41-ші сессиясы шеңберінде Қазақстан мен Мальдив Республикасы арасында тұрақты рейстерді орындау үшін құқықтық база құрылды.
Бұған дейін елдер арасында құқықтық базаның болмауына байланысты тек чартерлік рейстер орындалған болатын», - делінген хабарламада.
Мальдив тарапынан құжатқа Көлік және азаматтық авиация министрі Айшат Нахула ханым, Қазақстан тарапынан Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев қол қойды.
Уағдаластық әрбір тарап үшін аптасына 7 тұрақты рейсті орындау мүмкіндігін көздейді.