Әкімдіктің құрғақ уәдесіне сенген талғарлықтар биыл да жылусыз қалуы мүмкін

Azattyq Rýhy

Талғарға қарасты 3 елдімекенге газ құбыры өтсе де, көгілдір отын берілмей келеді

Әкімдіктің құрғақ уәдесіне сенген талғарлықтар биыл да жылусыз қалуы мүмкін
Фото ашық дереккөзден

Әкімдіктің құрғақ уәдесіне сенген қара халық биыл да жылусыз қалуы мүмкін. Алматы облысындағы Талғар ауданына қарасты 3 елдімекенге газ құбыры өтсе де, көгілдір отын берілмей келеді. Ал оны екі жыл қатар күтуден сарғайған жұрт бүгін әкімдік алдына жиналып, жергілікті билікке талап қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Бұған дейін бірнеше мәрте әкімдік алдына көгілдір отын мәселесімен келген Жалғамыс, Ақдала және Ақтас ауылының тұрғындары бүгін де жиналды. 100-ге тарта адам мардымды жауап алу үшін сағаттап әкімді күтті.

«Құры жылы жерде отырып алады да, ананы айтып, мынаны айтып қайтарып салады. Өткен жұма күні келдік, тағы қайтарып жіберді. Бүгін кел деді, бүгін тағы жоқ! Міне, жиналып тұр. Елдің бәрі ақша сұрап тұрған жоқ, ештеңе сұрап тұрған жоқ. Дайын тұрған газды қосып берсін бізге!» – деді Талғар ауданының тұрғыны Бораш Ибрагимов.

«Халықтың бәрі біркелкі емес-қой! Қазір көмірге деп жинап отырған ақшасын газдың пешін қоямыз деп, қарызданып, несие алып жанталасып жатыр. Ертең қар жауса, бұл халық жылусыз қаларына кәміл сенемін. Енді үкіметтен сұрап отырмыз. Осыған қатысты орындар, мәселені шешіп берсін!» – деді Талғар ауданының тұрғыны Сержан Сейітбатталұлы.

«Былтыр бізге береміз деді де, біз пешті алып тастадық. Газдың пешін қойдық. Сонымен газ келмей қалды. Жарайды ал. Былтыр төмен газбен отырдық. Биыл да қосып қойдым. Енді өзіңіз ойлай беріңіз. Мен сияқты қаншама адам алып тастады. Үйде енді қағаз жағатын жер жоқ. Жылытатын мүмкіндік жоқ», – деді Талғар ауданының тұрғыны Елдос Тұяқов.

Жиналған жұрттың талабын тыңдауға әкімнің орынбасары мен өзге көмекшілері шықты. Алайда олар бұл мәселені бірінші рет естіген сыңай танытып, біз қойған сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Көгілдір отын бойынша шешімін айтатын «жауапты» адам Қонаев қаласынан келе жатқанын ғана мәлім етті. Бір сәтте халық көптен күткен маман да жетіп, тұрғындар сұрағына жауап берді.

«Аталған 3 елдімекенге газ жүргізу барысында талаптар сақталмағаны анықталды. Қауіпсіздік ережесіне сай емес. Көгілдір отынның берілмей, тоқтап тұруының себебі осы. Алайда тексеру жұмыстары аяқталды. Енді оны реттеу бойынша шаралар қабылданып жатыр. Жоспарға сәйкес жұмыстар 15 қазанға дейін аяқталуы тиіс», – деді «Жетісуоблгаз» ЖШС бас директоры Руслан Иштиряков.

Жергілікті биліктің уәдесіне кәміл сенген кейбір жұртшылық көгілдір отынға қарық боламыз деп, дәл осындай арнайы құрылғыны қызыл ақшаға сатып алып, ескі пешін осылай далаға ысырып тастаған. Олар тіпті газ құбырын да тартып, барлығын дайындап қойған. Десе де, қазіргі таңда газ да жоқ, жылу да тапшы. Ал қыс болса таяуда.

Әкімдік өкілдері мен мамандар бұл жолы да, «көгілдір отын биыл кіреді» деп сендірді. Алайда «сан соғып қалудан секем алған» кейбір тұрғындар басқа амалын қарастыра бастаған сыңайлы. Айта кетсек, Талғар ауданына қарасты Жалғамыс, Ақдала және Ақтас ауылдарында жалпы 6 мыңға жуық халық тұрады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.