Павлодар облысында 15 діни ғимараттың құрылысы тоқтап тұр
Қазіргі уақытта өңірде 13 конфессияны білдіретін 161 діни қауым тіркелген және жұмыс істейді
Павлодар облысында 15 діни ғимараттың құрылысы тоқтап тұр. Сала маманы оның себебін соңғы діни ғимараттарды салу үрдісінің артуымен байланыстырды. Бұл туралы Павлодар облысының дін істері басқармасының басшысы Дәулет Закарьянов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның сөзінше, кәсіпкерлер елдімекеннің этникалық құрамын, діни ғимараттың құрылысына байланысты туындауы мүмкін кейбір қиындықтарды ескермейді.
«Ертіс ауданы, Үлгілі ауылында 6-7 жылдан бері мешіт салынып жатыр. Біріншіден, қаржылық жағынан олар бұл істі аяғына дейін жеткізе алмайды, өйткені қаражат жеткіліксіз, олар өздерінің материалдық мүмкіндіктерін толық есептемеген. Екіншіден, ауыл облыс орталығынан шалғай орналасқан. Ауылда халық саны аз», - деді Дәулет Закарьянов.
Соңғы мәліметтер бойынша бұл ауылда 150-ге жуық адам тұрады.
«Діни нысандар мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды және олар тек кіріс пен демеушілік көмекке сенуі керек. Бұл қаражат ғимаратты күтіп ұстауға, оның күзеті мен дін қызметкерінің жалақысына жұмсалады», - деді Дәулет Закарьянов.
Ертіс ауданы Қараөткел ауылында осыдан бірнеше жыл бұрын жергілікті тұрғындардың бірі мешіт салуға бел буған. Ауыл тұрғындарының саны 40-тан аспайды. Дін істері басқармасының барлық көндірулерінен бас тартып, құрылысты бастады, бірақ көп ұзамай ауырып, қайтыс болды.
«Бұл мешіттің құрылысын жалғастыруға ешкімнің ниеті жоқ. Оның сұранысқа ие болмайтыны анық, ал жергілікті атқарушы органдар енді бұл ғимаратты не істейміз деп бас қатыруда», - деп қосты спикер.
Ертіс ауданы, Қызылжар ауылында бір-біріне қарама-қарсы салынып жатқан мешіт пен православ шіркеуі аяқталу сатысында. Жақында олар тіркеу құжатын алып, келушілерге есігін ашады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Павлодар облысында 13 конфессияны білдіретін 161 діни қауым тіркелген және жұмыс істейді.