Такси қызметімен заңсыз айналысатындардың көлігі тәркіленеді деген ақпарат жалған
Мұндай шара сот шешімімен ғана қабылданады
Такси қызметімен заңсыз айналысатындардың көлігі тәркіленеді деген ақпарат жалған. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазіргі таңда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, такси қызметін ұсынатын фактілер анықталған жағдайда, жеке көліктердің конфискацияланып жатқаны туралы ақпарат қайта-қайта тарап жатыр. Бұл мәлімет шындыққа жатпайды», - делінген мәлімдемеде.
Ведомство мұндай шара сот шешімімен ғана қабылданатынын қаперге береді.
«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің бірқатар баптарымен соттың шешімі болған жағдайда меншіктен айыру мүмкіндігі көзделген. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес ешкім өз мүлкінен айырылуы мүмкін емес, тек сот шешімі бойынша. Қазіргі таңда заңсыз такси ретінде жұмыс істегені үшін көлік құралдарының конфискацияланғаны туралы бірде-бір дерек жоқ», - деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитеті такси қызметін жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін 15 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылғанын ескертеді.