$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ұтылып қалуыңыз мүмкін»: Қазақстан риелторлары қауымдастығы пәтер өткізетіндерге ескерту жасады

Бір аптаның ішінде жалға берілетін пәтерлер бағасы 15-тен 34 пайызға бір-ақ өсті

 

«Ұтылып қалуыңыз мүмкін»: Қазақстан риелторлары қауымдастығы пәтер өткізетіндерге ескерту жасады
Коллаж: Azattyq Ruhy

Қазір Krisha.kz сайтына пәтерді жалға берушілер ойына келген бағаны қойып жатыр. Алматының қақ ортасында орналасқан, бірақ ескі үйлердің бір бөлмелі пәтерін жалдау құны –  500 мың, 2 бөлмелі баспананың бағасы – 600 мың, ал 3 бөлмелі пәтерге 800 мың теңге төлеп тұруға болады. Ал сапалы тұрғын үй кешендеріндегі баға бұдан екі есе қымбат. Осы орайда  Қазақстан риелторлары бірлескен қауымдастығының мүшесі Орынбасар Сатаев Azattyq Ruhy тілшісіне сұхбат беріп, бүгінде тұрақты клиентін қуып, қалтасын қампайтын қалуды көздейтіндерге арнап кеңес айтты. 

«Ресейдегі мобилизациядан кейін үлкен ажиотаж әлі бар. Әсіресе, көрші елмен шекаралас облыстармыз: Ақтөбе, Орал, Қостанай, Петропавл, Павлодарда жалға берілетін үйлердің бағасы күрт өсті. Бір аптаның ішінде, яғни 19-25 қыркүйек арасында 15-тен 34 пайызға өсті. Өйткені, сұраныс көп. Бұл – Krisha.kz сайтындағы орташа статистика.

Алматы мен Астанада да сұраныс 5-6 пайызға артқан. Осы ретте, студенттерді пәтерден шығарып тастап, Ресейден келген азаматтарға өткізіп жатқан үй иелеріне айтарым, бұл – уақытша нәрсе. Асып кетсе, 2-3 апталық жағдай. Сіз тіпті, ұтылуыңыз да мүмкін. Қазір ай сайын сізге төлем жасап отырған жалға алушыларды шығарып, орнына басқаларды кіргізіп пайда тауып қаламын деп ойламаңыз. Мәселен, 200 мың теңге төлеп келген кісілерді шығарғаныңызбен, сіз ойлаған клиент сіздің пәтеріңізде тұрақтап қалмауы да мүмкін, арасында риелтордың да қызмет ақысы бар екенін ескеру керек», - деді Қазақстан риелторлары бірлескен қауымдастығының мүшесі Орынбасар Сатаев.

Орынбасар Сатаев бағаның өсуіне көрші елдің мобилизация науқанына бөлек, басқа да факторлардың әсер етіп жатқанын алға тартты. 

«Былтыр да тамыз айында Алматы мен Астанада пәтер ақысы қатты көтерілді. Оған ақпаннан бері Ресей, Украинадан келіп жатқандардың көші әсер етті. Жыл сайын студенттерге бөлініп жатқан грант саны да артып жатыр. Оған қоса, 8 шілдеден бастап Үндістан, Қытай, Иран сияқты мемелекеттердің азаматтарына 14 күндік визасыз кіріп-шығуға мүмкіндік берілді. Бұрын бұл елдің азаматтары 72 сағатқа ғана визасыз кіре алатын. Алматыға турист ретінде келіп жатқандардың да қарқыны жоғары. Ал қонақүйлерде баға тым қымбат. Сондықтан басым бөлігі пәтерді жалға алғанды құп көреді»,- дейді Орынбасар Сатаев. 

Сарапшы баспана бағасы Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда түспейді деп отыр. 

Тақырыпқа орай: Жалдамалы пәтердің құны күрт өсіп, шарт ауызша жасалған болса да, мәселені сотта шешу керек – Әділет министрлігі

«Мәселені шешу үшін әрбір оқу орны студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуі керек немесе оқу орындарын қаланың сыртына шығару қажет. Екінші шешімі – эконом санаттағы тұрғын үйлерді көптеп салу. Құрылыс жұмыстарын уақытында жүргізбесе, баға жыл сайын шарықтай береді. Ескеретін бір жайт, бүгінде ескі үйлерде өз еліміздің азаматтары да, сырттан келгендер де тұрғысы келмейді. Сондықтан қала ішіндегі жаңадан бой көтерген баспана бағасы шарықтап тұр», - деп сөзін түйінеді ол.

Серіктес жаңалықтары