Жалдамалы пәтердің құны күрт өсіп, шарт ауызша жасалған болса да, мәселені сотта шешу керек – Әділет министрлігі
Сондай-ақ, министрлік тұрғын үйді жалға беретін меншік иелері салық төлеуге міндетті екенін еске салды
ҚР Әділет министрлігі жалға берілетін тұрғын үйден заңсыз шығарудан немесе оның бағасының көтерілуінен зардап шеккен қазақстандықтарға көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Krisha.kz-ке сілтеме жасап.
Жалға берілетін тұрғын үйден заңсыз шығарудан немесе оның бағасының көтерілуінен зардап шеккен қазақстандықтар тәулік бойы қызмет көрсететін 119 нөмірі бойынша, сондай-ақ өңірлік адвокаттар алқалары мен заң консультанттары палаталарынан кеңес ала алады .
Жеке адвокаттар мен заңгерлердің тегін көмегіне жүгіне алатындар:
- көп балалы отбасылар;
- аз қамтылғандар;
- I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- зейнеткерлер;
- ҰОС қатысушылары, оларға теңестірілгендер, соғыс ардагерлері, мерзімді әскерилер.
Әділет министрлігі тұрғын үйді жалға алу туралы Азаматтық кодекстің ережелерін еске салады.
Кодексте тұрғын үйді жалға алу шарттарын жасасудың, өзгертудің және бұзудың жалпы шарттары белгіленген.
Жалдау шартының барлық маңызды шарттарын, оның ішінде құнын, мерзімін тараптар өзара келісім бойынша дербес айқындайды.
Жалдау шарты жазбаша түрде жасалады.
Меншік иесінің шартты біржақты бұзуына бірқатар себептер ықпал етуі мүмкін. Егер жалға алушы:
- 1) меншік иесінің жазбаша ескертуіне қарамастан, шарттың талаптарын бұзса;
- 2) мүлікті қасақана немесе абайсызда бүлдірсе;
- 3) жалдау ақысын екі реттен көп кешіктірсе;
Меншік иесі жалға алушыға өз міндеттемелерін көрсетілген мерзімде орындауға мүмкіндік берілгеннен кейін ғана шартты мерзімінен бұрын бұзуды талап етуге құқылы.
Егер пәтер иесі жалдау құнын біржақты тәртіппен көтеріп, шартты мерзімінен бұрын бұзса, шарт ауызша жасалған болса да, мәселені сотта шешу керек.
Тұрғын үйді бір жылдан астам мерзімге жалға алу кезінде шартты ХҚКО-да тіркеу қажет. Бұл жалға алушылар мен пәтер иелерінің құқықтарын қорғаудың қосымша шарасы.
Сондай-ақ, Әділет министрлігі тұрғын үйді жалға беретін меншік иелері салық төлеуге міндетті екенін еске салды. Бұзушылық үшін - 46 мың теңгеден бастап айыппұл (ӘҚБтК-нің 463-бабы) тағайындалады.