Президент сайлауына қатысатын тағы бір кандидат белгілі болды
«Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» бірлестігі өз үміткерін ұсынды
«Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі жиынының шешімімен кезектен тыс өтетін президент сайлауына Мейрам Қажыкеннің кандидатурасы ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ашық дауыс беру нәтижесінде ұйым мүшелерінің басым көпшілігі қолдап дауыс берді», - делінген бірлестік хабарламасында.
Мейрам Зекешұлы Қажыкен 1961 жылдың 5 сәуірінде Павлодар облысында туған. Экономика саласындағы бірнеше ғылыми мақалалар мен кітаптардың авторы.
Еңбек жолын туған өлкесінде инженер-гидротехник болып бастаған (1982 жылы).
Тақырыпқа орай: Президент сайлауы: «Ауыл» партиясының атынан алғашқы кандидат ұсынылды
2002-2003 жылдары Павлодар облысы экономика департаментінің бастығы, 2003-2004 жылдары ҚР Премьер-Министрінің кеңсесінде Үкімет басшысының кеңесшісі, өндіріс және инфрақұрылым саласы бөлімінің меңгерушісі, 2010-2011 жылдары Қазақстан индустрияны дамыту институтының директоры қызметтерін атқарды.